jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Ұлттық банк банк карталарына қатысты жаңа алаяқтық схема туралы ескертті

    банк картасы
    Банк картасы. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Қазақстан Ұлттық банкі азаматтардың төлем картасын олардың еркінен тыс бұғаттаумен байланысты телефон-алаяқтығы жиілеп кеткенін ескертеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Ұлттық банктің мәліметінше, алаяқтар ашық дереккөздерден (фишингтік сайттар мен қоғамдық орындардағы сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстен) алынған азаматтардың жеке деректерін қолданып, қаржы ұйымдарының байланыс орталығына клиент атынан жүгінеді. Яғни олар банк картасы жоғалғанын айтып, жалған хабар беріп, төлем картасының бұғатталуына себеп болады.

    Кейін алаяқтар азаматтардың өзіне қоңырау шалып, өзін банктің немесе құқық қорғау органы қауіпсіздік қызметінің өкілі деп таныстырады. Сөйтіп "картаны бұғаттан шығарамыз" немесе "қауіпсіз шотқа ақша аударамыз" деген желеумен азаматтың шотына қол жеткізуге мүмкіндік беретін SMS-код, интернет-банкингке арналған пароль, болмаса, CVV/CVC-код секілді деректерді алуға тырысады. 

    "Төлем картасы бұғатталған жағдайда картаның екінші бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген нөмір арқылы банктің ресми колл-орталығына хабарласқан дұрыс. Есіңізде болсын, қаржы ұйымдарының қызметкерлері SMS-хабарламада көрсетілген пароль мен кодты ешқашан сұрамайды және мобильді құрылғыны қашықтан басқаратын қосымшаларды орнатуды талап етпейді", - деп ескертеді Ұлттық банк өкілдері. 

    Сондай-ақ Ұлттық банк банкомат маңын торуылдап жүретін алаяқтар да кездесетінін еске салды.

    "Олар "картам бұғатталып қалды", "картамды зақымдап алдым" немесе "ақша алатын лимит таусылды" деген түрлі сылтаумен басқа бір үшінші адамның шотына ақша аударуға көмек сұрап, орнына қосымша ақшалай сыйақы уәде етеді. Осыған байланысты да еске саламыз, мұндай аударымдар, әдетте, заңға қайшы әрекет саналып, дропперлік әрекет болып қабылдануы мүмкін", - делінген хабарламада. 

    Ұлттық банк ел азаматтарын банк картасы мен оның деректерін ешкімге бермеуге, бейтаныс адамға ақша аудармауға, әркез қырағы жүруге және кез келген ақпаратты екінші деңгейлі банктердің ресми нөмірлері арқылы колл-орталығына қоңырау шалып, тексеріп алуға кеңес береді.

    "Ұлттық банк қызметкерлері жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне ақшалай салым салуды ұсынбайтынын, қаражатты сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске саламыз. 

    Егер сіз алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береміз", - делінген хабарламада.

    Ұлттық банк банк карталарына қатысты жаңа алаяқтық схема туралы ескертті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.