jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    "50 мың теңге мақұлдап, 752 мың теңге талап етеді": депутат заңсыз берілетін несиелер туралы айтты

    шағын несие
    Ақша және смартфон. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Мәжіліс депутаты Юрий Ли Құрылтайдың жалпы отырысында халыққа несие беретін заңсыз өсімқорлардың жұмысын тексеруді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

    Депутат Юрий Ли заңсыз несиелендіруге мысал ретінде Alem Credit платформасының қызметін келтірді.

    "Олардың микроқаржылық қызметпен айналысуға тіркеуі де, лицензиясы да жоқ. Ондаған интернет-ресурс арқылы азаматтарға, соның ішінде заңды қаржы ұйымдары бас тартқан адамдарға несие береді.

    Сонымен қатар компания сайттарында тіркелу кезінде қарыз алушылардың биометриялық деректері заңсыз жиналады. Ал несиелер жеке тұлғалардың (дропперлердің) карталары арқылы беріледі.

    Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі ресми белгіленген шектен 9,5 есе, ал айыппұл санкциялары 10 есе асып түседі. Өтеу мерзімі өткен жағдайда психологиялық қысым көрсету және қорқыту сияқты әдістерді қолдану арқылы өндіріп алады", - деді депутат.

    Оның айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Alem Credit қызметінен Азаматтық кодекстің 160-бабында көзделген жалған мәміле белгілерін байқаған. Алайда Агенттіктің тиісті өкілеттігі болмағандықтан, материалдар Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданды.

    "Қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат болса да, бұл платформаның интернеттегі жарнамасы әлі жүріп жатыр. Сондай-ақ SMS-тер таратылып, жаңа сайттар пайда болуда.

    Бұрын несие алған азаматтардан алған сомасынан бірнеше есе көп ақша талап етілуде. Мысалы 50 мың теңге несие мақұлданғанда, адамның қолына іс жүзінде 32 мың теңге түседі. Ал қайтару үшін 752 мың теңге талап етіледі, бұл іс жүзінде алынған сомадан 23 есеге жуық көп", - деп қынжылды депутат.

    Оның сөзінше, мәжбүрлеп өндіріп алу кезінде үздіксіз қоңырау шалу, туыстары мен жұмыс берушілерге қысым жасау, жеке ақпаратты таратамыз деп қорқыту әдістері қолданылады. Сондай-ақ жасанды интеллект арқылы жасалған әдепсіз суреттер таратылып, іздеуде жүргені немесе қылмыс жасағаны туралы жалған хабарламалар жіберіледі.

    Ол Ішкі істер министрлігінен, Бас прокуратурадан және Қаржылық мониторинг агенттігінен жағдайды бақылауға алуды сұрайды.

    "Бұл енді несие беруші мен қарыз алушы арасындағы жеке дау емес. Біздің алдымызда заңсыз қаржылық қызметтің белгілері тұр", - деп санайды Юрий Ли.

    "50 мың теңге мақұлдап, 752 мың теңге талап етеді": депутат заңсыз берілетін несиелер туралы айтты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram