"Девальвацияға негіз жоқ": Арман Қасенов доллардың қымбаттауы туралы айтты
Жарияланған күні:

Қаржы вице-министрі Арман Қасенов теңгеге шаққанда доллардың қымбаттауы туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Вице-министр қазір инфляцияға негіз жоқ деген ойда.
"Біздің валютамыз тұрақты валюта. Оған бірнеше фактордың әсері болады. Кез келген валюта сияқты ол да импорт пен экспортқа байланысты өзгеруі мүмкін. Осылардың әсерінен курс өзгеріп отырады. Бірақ жалпы алғанда валютаның тұрақты екенін көріп отырсыздар. Отандық валютада шетелдік валютамен салыстырғанда, депозиттен көбірек кіріс алуға болады. Инфляцияны есепке алған күннің өзінде осындай. Сондықтан мен біздің валюта тұрақты болады деп ойлаймын", - деді ол.
Вице-министр жыл басынан бергі бақылау нәтижелеріне сүйеніп, инфляция, қымбатшылық болмайды деп сендірді.
"Біз жыл бойы бақылап отырмыз. Инфляция болуы үшін алғышарттар болуы керек. Біз БАҚ беттерінен әртүрлі сарапшылардың курс қымбаттауы мүмкін деген болжамдарын соңғы үш жылда көреміз, бірақ олардың ешқайсысы орырдалған жоқ. Шындығында бізде девальвация көптен бері болған жоқ. Девальвация болуы үшін нақты негіз болуы керек. Қазір ондай себеп жоқ. Біздің экспорт былтырғыдан әлдеқайда жақсы. Сауда балансы да қалыпты. Сондықтан дәл қазір девальвацияға еш негіз жоқ",- деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/stock/2172516-devalvatsiiaga-negiz-zhoq-arman-qasenov-dollardyng-qymbattauy-turaly-aitty/