Астананың атауын өзгертуге қатысты елде қызу пікірталас басталды
Жарияланған күні:
Астананың атауы Нұрсұлтан немесе Назарбаев деп өзгертілуі мүмкін. Бұл маңызды мәселе ел арасында қызу талқыға түсті деп хабарлайды КТК арнасы.
Бүгін депутаттар Елордаға Елбасының есімін берейік деп ұсыныс жасады. Ол үшін парламенттің қос палатасы біріккен отырыс өткізіп, арнайы декларация да қабылдап үлгерді. Құжатта тіпті Назарбаевтың ерен еңбегін Конституцияға енгізіп, заңдастыру және Астанаға «Тәуелсіз Қазақстан» монументін орнату туралы жазылған. Бірақ соңғы сөз Нұрсұлтан Назарбаевта. Егер мемлекет басшысы бастаманы қолдаса елде жалпыхалықтық референдум өтуі ғажап емес.
Парламенттің біріккен отырысы өтеді деп алдын ала айтылғанмен, басты тақырыбы соңғы минуттарға дейін құпия ұсталды. Жиналған саяси элита мен министрлер қаралатын мәселені төменгі палатаға келгенде бір-ақ білді. Сөйтсе, оларды сенаторлар мен мәжілісмендер Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстанның жетістіктері жазылған декларацияны қабылдау үшін шақыртқан екен. Тікелей Елбасының есімімен байланысты құжатқа халық қалаулылары бірауыздан дауыс берді.
"Қабылданған декларацияда Тәуелсіз Қазақстан монументін орнату, сонымен бірге Елбасының бірегей үлесін Конституцияда көрсету, сонымен қатар Елбасы есімін Елорда мен басқа да маңызды нысандардың атауларына айшықтау көрсетілген", - деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Осыны естіген бойда депутаттар Астананың атауын дереу ауыстыру керек деп даурықты. Сондай-ақ, Елордадағы ең сәулетті нысандар мен өзге де қалалардағы мемлекеттік ғимараттар да Назарбаевтың атымен байланысты болсын деген ұсыныс жасады. Халық қалаулыларының пікірінше, бас қалаға Елбасының есімі не тегі берілгені дұрыс екен. Жалпы, 5 жыл бұрын да осындай ұсыныс болған. Бірақ ол кезде Елбасы Елордаға есімін беруден бас тартқан еді. Бұл жолы да соңғы сөз президенттің өзінде.
Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов та өз пікірін жасырып қалмады.
"Оны уақыт көрсетеді, білмейміз. Біз Елбасымен ешқашан ақылдасып, сөйлесіп көргеніміз жоқ. Біз өз пікірімізді айттық. Елбасының еңбегі бар. Осы Астана қала болғаннан кейін осы жердің экономикасы көтерілді, тұрмыс жақсарды", - деді ол.
Осылайша, бүгін тосын ұсыныс жасаған депутаттар өздерін бүкіл Қазақстан халқы, тіпті, өзге елдердің қуана-қуана құптайтынына сенімді. Өйткені, шетелдіктер онсыз да Қазақстанды Назарбаевтың атымен байланыстырады екен.
"Бәріміз де шетелге шығамыз. Қазақстаннанмын десең болды, бәрі Назарбаевты еске алады. Бұл заңды да. Ал бүгінгі декларацияға келсек, Президент құжатты республикалық референдумға немесе парламенттік талқылауға жіберуі мүмкін", - дейді Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов.
Ал депутаттардың ұсынысы Ақордадан қолдау тапса, Парламент Конституцияға да өзгеріс енгізбек.
Яғни, депутаттар Астанаға Назарбаевтың атын беріп қана қоймай, Конституцияға елбасының есімін енгізбек. Ата заңның кіріспе бетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен «Мәңгілік Ел» идеясы арнайы парақшада жазылады. Сөйтіп, заң жүзінде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаев деп бекітпек.
Тағы да оқыңыздар:
Ильин: Өкінішке қарай спорттық мансабым аяқталды
Алматыда кафе өртеніп жатыр (фото)
Назарбаев құрметіне аталған қандай нысандар бар?
"Иә, мен геймін": Роналду шын мәнінде не деп айтты?
Елорда атауы өзгертілген жағдайда Астана тұрғындарын не күтіп тұр?
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1326850-astananynh-atauyn-ozgertuge-qatysty-e/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.