Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында қандай мәселелер көтерілді
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтті. Мемлекет басшысының қандай тақырыптарды қозғағанын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Бүгінгі жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ екенін айтты.
"Биліктің диалог орнатуға және реформа жасауға мүдделі екеніне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Бұл демократияны нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретін жұмыс деп санаймын. Біздің тәжірибеміз халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Көпшілік оны жауапты әрі сындарлы диалогтың үлгісі ретінде қабылдады.
Ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдеді. Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз", – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану туралы мәселе көтерді.
"Ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік бақылау саласына жаңа технологиялар негізінде бақылаудың заманауи тәсілдерін енгізу қажеттілігі бұрыннан туындады. Мен жерді қашықтықтан зондтауды қарастыратын Заңға қол қойдым", – деді ол.
Президент Есеп комитетінің қызметі жөнінде де сөз қозғады.
"Келесі жылдың қаңтарынан бастап Есеп комитеті тексеріс жүргізген мемлекеттік органдар мен ұйымдар бойынша аудиторлық іс-шараларының негізгі нәтижелерін жариялайтын болады", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев кәсіпорындарда еңбек және миграциялық заңнаманың сақталуын тексерді.
"Өткен айда менің тапсырмам бойынша шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда еңбек және миграциялық заңнаманың сақталуына тексеріс жүргізілді. Сол уақыттан бері 95 компания тексеріліп, 930 бұзушылық фактісі тіркелді", – деді ол.
Сондай-ақ мемлекет басшысы шетелдік жұмыс күшін тарту жөнінде пікір білдірді
"Шетелдік жұмыс күшін тартуға квота қысқартылады. Қысқарту шамамен 40% құрайды: 2019 жылғы 49 мыңнан 2020 жылы 29 мыңға дейін. 250-ден астам адам қызмет ететін, және 30-дан аса шетелдік жұмысшысы бар кәсіпорындардың барлығы жыл сайын тексеріледі", – деді президент.
Тоқаев мемлекеттік тілді реформалау және жаңарту қажеттілігі жөнінде баяндады.
Ол осы саладағы мамандардың - лингвист ғалымдар мен филологтардың айшықты пікірін күтіп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ реформа мен модернизация тек қазақ тіліне қатысты болатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы үкімет пен Ұлттық банкке тұрғын үй мен автокөлік құралдарын алғашқы сату кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізуді қамтамасыз ететін заңнамалық түзетулер пакетін дайындауды тапсырды.
"Үкіметтің алдында мұқтаж , әсіресе, көпбалалы жанұяның балаларына айқын және әділ түрде атаулы көмекті қамтамасыз ету міндеті тұр. Мемлекет тек мұқтаж жандарға көмектесу керек.
Үкімет пен Ұлттық Банк тұрғын үй мен автокөлік құралдарын бастапқы сату кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізуді қамтамасыз ететін заңнамалық түзетулер пакетін әзірлеуі тиіс", – деді президент.
Сонымен қатар, Тоқаев қоғамдық тәртіп және заң бұзылмаса, митингі өткізуге рұқсат береді.
"Біз Конституциямызға сәйкес митингілер туралы хабарлау қағидасын енгізуді бастауымыз керек. Егер олар заң бұзбаса, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі жасамаса, митингілерге рұқсат етіледі", – деді мемлекет басшысы.
Одан бөлек, Тоқаев қоғамдық санаға митингілер мәдениетін сіңіретін уақыт келді деп атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, митингілер – бұл тек құқық қана емес, жауапкершілік.
"Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы жасалды. Бұл қолданыстағы заңға енгізілген өзгерістер туралы ғана емес, бейбіт жиналыстардың барлық түрлерін ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін тұжырымдамалық жаңа заң", – деді Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1832673-tokaev-nr-sltandagy-lttyk-kees-otyrysynda-ne-turaly-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.