Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов журналистерге үндеу жасады

Опубликовано:

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов барша қазақстандық БАҚ өкілдеріне үндеу жолдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі: Facebook
"Еліміз қазір біраз қиыншылықты бастан өткеруде. Әлемді әлекке салған карантин қалыпты өмірімізге өзгеріс енгізіп, біраз жоспарларымызды кейінге қалдырды. Өкінішке орай, дәстүрлі кездесуіміз биыл өтпейтін болды. Бірақ, бұл сіздермен байланысып тұруға, жұмысымыз жайлы ақпарат бөлісуге, сұрақтарыңызға жауап беруге еш кедергі бола алмайды.

Сот жүйесін реформалауға, қоғамның сенімінен шығуға бағытталған бірқатар кешенді шаралар атқарылды. Ең бастысы, ақпарат құралдары қоғам мен сот арасындағы алтын көпір бола алады деген үміттеміз. Сонда ғана қызметімізді көпшілік түсініп, қабылдап жатса, соттарға деген ел сенімі арта түспек.

  • Екі жарым жыл бұрын "Сот төрелігінің 7 түйіні" жобасын қолға алғанбыз. Атап айтсақ: "Мінсіз судья", "Үлгілі сот", "Әділ процесс", "Сапалы нәтиже", "Smart-сот", "Коммуникациялық стратегия" және "Татуласу: сотқа дейін, сотта" деген жобалар.
  • Осы уақыт аралығында 22 заң жобасы әзірленді, оның 11-і қабылданды, 6-ы Парламентте, 5-і мемлекеттік органдарда келісілуде.

Қабылданған заңдар судьяларды іріктеу тәртібін күшейтті, қызметтегі судьяларды бағалаудың жаңа жүйесін енгізді. Судьялардың тәуелсіздігі артып, облыстық соттардың алқа төрағалығына конкурс енгізілді, сот төрағаларының өкілеттігі екі реттен аспайтын болды.

Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық процестік кодекске түзетулерге қол қойды.

Кезекте Әкімшілік юстицияны енгізу міндеті тұр. Тиісті заң жобасын Сенат мақұлдады. Бұл заңдардың арқасында судьяның процестегі рөлі түбегейлі өзгереді. Ол істің мән-жайын анықтау үшін белсенді бола алады.

Азаматтық процесте тараптардың татуласуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Әкімшілік юстиция азаматтардың мемлекеттік органдармен дауларын қараудың жаңа ережесін қарастырады. Оның мәні – сотқа талап арыз берген адам емес, керісінше, мемлекеттік орган өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беруге міндетті.

Заң тілімен айтсақ, "мемлекеттік органның кінәлілігі презумпциясы" енгізіледі. Азаматтардың құқықтарын қорғау үшін осы іргелі заңдардың маңызы ерекше.

Сондықтан ақпарат құралдарында оларды барынша ашып, кеңінен түсіндірудеміз. Алдағы уақытта да ақпараттық түсіндіру жұмыстарын кеңінен жалғастыра бермекпіз.

Сот жүйесін цифрландыруды дер кезінде қолға алғанымыз дұрыс болды. Төтенше жағдай енгізілген соң біз соттарды қашықтықтан жұмыс істеуге тездетіп көшірдік. Басты міндет, бір жағынан, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау болса, екіншіден, карантин талаптарын сақтау болды. Күн сайын онлайн режимде 4,5 мыңдай отырыстар өтуде.

  • Жоғарғы Соттың "Соттасатын уақыт емес, татуласатын уақыт" атты челленджі өзектілігін жойған жоқ.
Дауларды бітіммен шешудің артықшылықтарына назар аудару үшін қоғамға арнайы үндеу жолдадым. Осы жағдайды пайдаланып, тағы да айтамын: татуласу дауды шешудің ең жақсы жолы, солай болып қала береді.

Татуласуға қадам басу, кез-келген тәсілмен сотта жеңіп шыққаннан да артық. Бұл әсіресе, өз балаларымыз, туыстарымыз бен жақындарымыз үшін ең жақсы мысал. Осы арқылы біз олардың жарқын болашағын жасаймыз, елдегі кикілжің деңгейін төмендетеміз.

Жұмысымыздың нәтижелерімен, сот жүйесі туралы негізгі ақпаратпен және алға қойған міндеттерімізбен Жоғарғы Сот сайтындағы "Қазақстанның сот төрелігі" жинағынан танысуға болады.

  • 2020 жылды "Коммуникация жылы" деп жарияладық. Баспасөз қызметі жаңаша жұмыс стиліне көшті. Енді судьялар мен қоғам арасындағы диалог одан әрі жақсара түсетін болады.

Біздің әріптестігіміз алдағы уақытта да жемісті болып, ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін.

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Бәріңізге мықты денсаулық, шығармашылық жетістіктер, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін", - делінген Жақып Асановтың құттықтауында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1861940-zogargy-sot-tragasy-zakyp-asanov-zurnalisterge-ndeu-zasady/

pixel