2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы орташа жалақыдан екі есе артық болады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес шараларына атсалысып жүрген дәрігерлерге үстемеақы төлеу үшін қосымша қаржы бөлуді тапсырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
"Жақын арада бюджетті нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта дәрігерлерге ынталандыру үстемеақыларын төлеуге 150 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Біз бұны дағдарыс жағдайында жасап жатырмыз. Осыны жүйелі түрде жүзеге асыру қажет", - деді президент.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің жалақысына да тоқталды. Оның сөзінше, үш жылдан кейін медицина қызметкерлерінің еңбекақысы айтарлықтай өседі.
"2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады", - деді мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады.
Мемлекет басшысы жолдауы кезінде дәрігерлерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне және еріктілерге алғыс айтты.
Одан бөлек, президент министрліктердегі жауапты хатшылар қысқартылатынын мәлім етті.
Cонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға артатынын мәлім етті.
Сондай-ақ, президент қазақстандықтар қай уақытта зейнетақы жинағына үй сатып ала алатынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинақтың бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге жұмсай алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1871970-2023-zylga-dejin-drigerler-ebekakysy-ortasa-zalakydan-eki-ese-artyk-bolady/