RU

Мамин президентке еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды баяндады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Асқар Мамин1
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында президентке санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері туралы баяндалған.

Асқар Мамин мемлекет басшысына еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.

Сондай-ақ коронавирус індетінің жаңа толқынына дайындық жұмыстары аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы мәлімет берген.

Атап айтқанда медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеу нысандарына жасанды тыныс беру аппараттары мен оттегі концентраттарын жеткізу, аймақтарды жылжымалы диагностикалық кешендермен, цифрлық рентген-аппараттармен, мобильді топтармен және жедел медициналық көмек көрсету көліктерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта 13 аймақтың 10-ында модульдік жұқпалы ауруханалардың құрылысы аяқталған, қалған 3 нысан осы жылдың қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар мемлекет басшысына республикалық және аймақтық тұрақтандыру қорларының құрылғаны және денсаулық сақтау жүйесіне арналған 91 түрлі дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры жасақталғаны туралы айтылған.

Дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау үшін дәріханалардың бөлшек сауда жүйесінде сұранысқа ие 33-тен астам препарат қоры қосымша жасақталуда.

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ПТР тест сынамаларын алу көлемін арттыру жұмыстары туралы да мәлімет берген.

Оның айтуынша, зертханалар саны 124-ке дейін көбейіп, тестілеу қуаты тәулігіне 66 мыңға дейін жеткен. Бұл ретте, тұрғындарды тест сынамаларымен қамту 2,5 есе ұлғайтылып, ПТР тест сынамаларын алу құны төмендетілген.

Бұдан бөлек, үкімет басшысы президентке шекаралық өткізу бекеттерінде, сондай-ақ, көліктің барлық түрлері мен инфрақұрылымдарында санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың күшейтілгені туралы баяндаған.

Оның сөзінше, өңірлердегі бизнес субъектілерінің жұмысы да біртіндеп қайта қалпына келтірілуде. Бұл ретте, аймақта вирус жұқтыру өсімінің тіркелмеуі, тұрақты эпидемиологиялық ахуалдың "жасыл" деңгейде болуы ескеріледі.

Сонымен қатар премьер-министр мемлекет басшысына кәсіпкерлерді қолдау, шетелден инвестиция тарту, жұмыспен қамту ісін дамыту және елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендетудің басқа да өзекті мәселелері жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндаған.

Президент коронавирус пандемиясының алдағы айлардағы таралуына қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пессимистік болжамдарын ескеріп, үкімет белгілеген жоспардың мүлтіксіз орындалуының маңызды екенін, карантинді күшейту жөніндегі қатаң шараларды кәсіпкерлердің мүдделерін және жалпы еліміздің экономикалық дамуын ескере отырып қабылдаған жөн екенін атап өткен.

Айта кетейік, 26 қазаннан бастап елімізде кинотеатрлар жұмыс істей бастайды.

Бұған дейін олардың COVID-19 індетіне байланысты жұмыс істеуіне рұқсат берілген жоқ.

Жалпы Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға келсек, елде коронавирус жұқтырғандар саны 110 мыңнан асқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1881550-mamin-prezidentke-elimizdegi-sanitarlyk-epidemiologialyk-zagdajdy-baandady/