RU

Пашинянның мәлімдемесіне наразылар Армения үкіметінің ғимаратына баса көктеп кірді (видео)

Наразылар
Скриншот: Sputnik Армения

Ереванда Таулы Қарабаққа қатысты бейбітшілік келісіміне наразылық білдірген жүздеген адам Армения үкіметінің ғимаратына басып кіріп, елдің премьер-министрі Никол Пашинянның үйіне қарай бет алды деп хабарлайды Sputnik Армения.

Агенттіктің мәліметінше, наразылық білдірушілер парламенттің бірінші қабатының терезелерін сындырып жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, алаңда фейерверктердің немесе атылған оқтардың дыбысы естіледі.

Ереванның орталығындағы Республика алаңына көліктер ағылып, дабылдармен айналаны шулатуға кіріскен.

Армения азаматтары премьер-министр Никол Пашинянның Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы мәлімдемесіне санаулы минуттар ішінде осылайша жауап қатуда.

ТАСС-тың хабарлауынша, ғимаратқа бірнеше мың адам келген.

vestikavkaza.ru-дың жазуынша, Еревандағы наразылық білдірушілер үкімет үйіндегі премьер-министрдің кеңсесін қиратқан.

Екінші қабаттағы премьер-министрдің кабинетінде олар алдымен жарықты қоса алмай, қараңғыда қозғалған. Күзет қызметі оларға ешқандай қарсылық көрсетпеген.

Олар қазіргі уақытта үкімет басшысы қайда деген сұраққа жауап бере алмаған. Содан кейін наразылық білдірушілер ғимараттан мемлекеттік рәміздерді ала бастаған. Қауіпсіздік қызметі бұған да кедергі келтірмеген.

Еске салсақ, Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Ресей мен Әзірбайжан басшыларымен Таулы Қарабақ бойынша келісімге келгендері туралы мәлімдеген еді. Мәлімдемеге сәйкес, аталмыш аймақ үшін соғыс тоқтатылмақ.

Ал бұған дейін Мәскеудегі кеңестің нәтижесі бойынша Армения мен Әзірбайжан 10 қазаннан бастап Таулы Қарабақтағы атысты тоқтату туралы келісімге келген болатын.

Алайда артынша, екі тарап бірін-бірі бұл келісімді бұзды деп айыптады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1883821-sogys-toktatylganyna-narazylar-armenia-kimetini-gimaratyna-basa-kktep-kirdi-video/