Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ереванда наразылық білдірушілер Пашинянның отставкасын талап етуде (видео)

Жарияланған күні:

Наразы топ
Фото: m.minval.az

Әзербайжан, Армения және Ресей Таулы Қарабақта толықтай атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бұл мәлімдеме 10 қарашада 00:00-де күшіне енді. Алайда бұл келісім армяндар арасында наразылық толқынын туғызып, көпшілік елдің премьер-министрі Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етуде.

Sputnik Армения жазғандай, "Өркендеуші Армения" оппозициялық партиясының өкілі Ивета Тоноян Пашинянның отставкаға кетуі талап етіліп жатқанын мәлімдеді.

"Бүгін біздің тарихымыздың ең масқара парағы жазылды. Бірнеше сағат бұрын "Өркендеуші Армения" партиясы мен бірқатар партиялар премьер-министрдің отставкасын талап етті. Осының бәрінен кейін Пашинян ең құрымағанда отставкаға кетуі керек", - дейді ол.

Кейінірек Еревандағы Ұлттық жиын ғимаратының жанында наразылық білдірушілер Армения парламентінің спикері Арарат Мирзоянның күзетшілерімен қақтығысқаны белгілі болды. Шенеуніктің өзі көлікте болған. Наразылық білдірушілер оны көлігінен сүйреп шығарып, соққыға жыққан. Мирзоян ауруханаға жеткізілген.

Назар аударыңыз! Кадрларда зорлық-зомбылық көріністері бар! Жүйкесі жұқа адамдарға, жүкті әйелдер мен 18 жасқа толмаған адамдарға қарауға ұсынылмайды.

Демонстранттар парламентке де кірген. Адамдар бір-бірін тыңдамай, айқайлап, пластикалық бөтелкелерді лақтыруға кіріскен.

Sputnik Армения тілшісінің хабарлауынша, наразылық білдірушілер топтарға бөлініп, бірнеше бағытқа бет алған: бірі парламентке, екіншісі Ұлттық жиын ғимаратына бет алса, үшіншісі премьер-министрдің отставкаға кетуін және билікті әскерилерге беруді талап етуде.

Ал Пашинянның өзі болса Facebook арқылы тікелей эфирге шығып, наразылық білдірушілер жазаланатындығын айтқан.

"Бүгінгі қылмыстардың барлық ұйымдастырушылары толық көлемде жауапқа тартылады", - деді ол.

Еске салсақ, Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Ресей мен Әзірбайжан басшыларымен Таулы Қарабақ бойынша келісімге келгендері туралы мәлімдеген еді. Мәлімдемеге сәйкес, аталмыш аймақ үшін соғыс тоқтатылады.

Алайда бұл мәлімдеме жұртқа жақпай, наразылық білдірген жүздеген адам Армения үкіметінің ғимаратына баса көктеп кірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1883834-erevanda-narazylyk-bildirusiler-premer-ministrdi-otstavkasyn-talap-etude-video/