Назарбаев астананы Түркістанға ауыстыруға қатысты ойын айтты
Жарияланған күні:
Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астананы Түркістан қаласына ауыстыруға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Ұлттық Арнасындағы "Түркістан: көне мен келешек көпірі" деректі фильмінде айтты.
Журналист соңғы кезде әлеуметтік желіде ел астанасын Түркістанға көшіру мүмкін деген қауесеттер тарап жүргенін айта келе, осы әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасатынын Елбасыдан сұрады.
"Ол әңгіменің негізі жоқ. Оны айтудың да жөні бар ғой. Әсіресе, сол жақта тұратын, Түркістанның жағдайын білетін адамдар солай ойлайтын шығар. Әрине, тарихы үлкен. Қожа Ахмет Ясауи бұл жерге келіп, мұсылмандықты уағыздап кеткен. Түркі тектес халықтар мұсылмандыққа ден қойды. Сондықтан олардың бәрі сыйлайды, жақсы көреді. Әсіресе, Түркиядан келіп, көргісі келетіндер көп", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының пайымынша, түркі дүниесінің Түркістанды ерекше құрметтеуі "ел астанасы болса екен" деген ойларға жетелеуі мүмкін.
"Бірақ біз астанамызда ары қарай ұлғайтамыз. 200 мыңдай адам тұрған бұрынғы Ақмола қазір 1 миллион 200 мың тұрғыны бар шаһарға айналды. Нұр-Сұлтан деген атау берілді. Оны мен ұсынбадым. Бірақ қарсы да болмадым. Өйткені астананың әрбір тасы, әрбір ғимараты менің нұсқауыммен салынды. Сондықтан біз қаламызды одан әрі дамытамыз", - дейді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Елбасы "Хабар" телеарнасындағы "Штрихи к портрету" деректі фильмінде Әблязовтың сатқындығын сөз еткен еді.
Одан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтандағы ең биік ғимарат "Әбу-Даби Плазаның" ең биік мұнарасын Қазақстанның құрметіне атайтынын мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1887327-nazarbaev-astanany-trkistanga-auystyruga-katysty-ojyn-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.