RU

Қазақстанда қос азаматтығы бар мемқызметкер мен полицей анықталды

Шенеунік
Көрнекі фото: pixabay.com

ІІМ басшысының орынбасары Алексей Калайчиди сенаттың жалпы онлайн отырысында қос азаматтығы бар 400-ден астам қазақстандық анықталғанын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Осы жылдың 11 айында екі азаматтық алған 431 деректі анықтадық. Соның ішінде екеуі Шығыс Қазақстан және Павлодар облысындағы шенеуніктерге қатысты. Павлодар облысында ішкі істер органдарының қызметкері анықталды.

Біз осындай ақпаратты тексеріп жатырмыз. Жұмыс ТМД елдерінің Минск, Кишинев құқық қорғау органдары арасындағы конвенцияларға сәйкес жүзеге асырылуда.

Ресей Федерациясынан әлі оң жауап жоқ. Біз басқа барлық ТМД елдерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Осындай ақпаратты тексеріп жатырмыз. Ең қиыны, біз Ресеймен келіссөздер процесіндеміз", - деді Калайчиди.

СІМ басшысының орынбасары Ержан Әшікпаев қос азаматтық фактілерін анықтау жұмысына Сыртқы істер министрлігі қатысатынын айтты.

"Өкінішке орай, өздеріңіз білетіндей, бірқатар елдерде заңнамалар жеке деректерді, оның ішінде азаматтық мәселесін жария етуге тыйым салады. Біз елшілік қызметтер арқылы жұмыс істеуді жалғастырамыз", - деді ол.

Еске сала кетсек, қос азаматтығы бар мемқызметшілерді жұмыстан босату туралы заң жобасы мақұлданды.

Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегінде "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" Жолдауын жариялаған болатын.

Жолдау барысында президент мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатуды тапсырған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1888796-kazakstanda-kos-azamattygy-bar-memkyzmetker-men-policej-anyktaldy/