Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2020 жылы істі болып, қызметінен кеткен лауазымды шенеуніктер кімдер

Опубликовано:

Парамен ұсталу
Көрнекі фото: kaztag.kz

2020 жылы жемқорлық желеуімен қамауға алынған шенеуніктер аз емес. Олардың кейбірі сотталып, жазасын алып үлгерді. Ал бірқатарына қылмыстық іс қозғалып, оған қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. KAZ.NUR.KZ порталы ел есінде қалған даулы тұтқындаулар тізбегін оқырман есіне салады.

Қуанышбек Ысқақов
Фото: assembly.kz

Биыл көпшіліктің есінде қалған ең ірі оқиғалардың бірі - Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ұсталуы. Ол сот шешімімен жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сот экс-әкімнің жазаны орташа режимдегі колонияда өтейтіні туралы шешім шығарды. 2020 жылы 27 наурызда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы Қуанышбек Ысқақовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, Ысқақов алдау және сенімге ие болу жолымен оқ-дәрілер жарылған Арыс қаласын қалпына келтіруге бөлінген 80 млн теңгені иеленген.

Таубаев Нұрлан
Фото: kapital.kz

Сонымен қатар, биыл 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров ұсталды. Жақында ҚР жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеуді аяқтап, оны Атырау облысы Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотқа жіберді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәлімдеуінше, олар Жылыой ауданы Құлсары қаласында салынып біткен 200 орындық жаңа аурухананы қабылдап алу актісіне қол қойдыруға және жалпы қолдау көрсетуге алдын ала келісілген түрде, аса ірі көлемдегі (185 млн теңге) соманы топ болып алғаны үшін күдікке ілінген.

Жақсылық Шалабеков
Фото: karagandaNV

Бұдан бөлек Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары ұсталды. Жақсылық Шалабековтің ұсталғаны туралы ақпарат желіде 13 қыркүйек күні пайда болды. Қарағанды ​​облысының арнайы прокурорлар департаменті Қарағанды ​​қаласы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлады.

Тимуржан Нұрымбетов
Фото: express-k.kz

Ал Жамбыл облысында Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бұрынғы басшысы Тимуржан Нұрымбетов ұсталды. Шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тамыз айында Тараз соты Тимуржан Нұрымбетовтен бөлек тағы 6 адамға қатысты қылмыстық істі өндіріске алды. Оларға ҚР Қылмыстық кодекстің 366 бабы "Пара алу" және 218 бабы "Қылмыстық жолмен алынған ақша және/немесе басқа да мүліктерді заңдастыру (жылыстату) " бойынша іс қозғалған.

Қайрат Көпбаев
Фото: inform.kz

Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігінің Кадрлар және әскери білім департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Қайрат Көпбаев пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес 2019 жылдың мамыр айында Көпбаевтың Ақтөбе қаласындағы «Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты» РММ-не офицерлік лауазымға тағайындағаны үшін 200 мың теңге сомасында пара алғаны анықталған.

Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен Көпбаев мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Елжан Біртанов
Фото: inform.kz

2020 жылы ел есінде қалған тағы бір жағдай - бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталуы. Әлеуметтік желілер мен түрлі БАҚ-та тараған ақпарат бірнеше күн өткен соң ресми түрде расталды. Бұл істі қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметі тергеп жатыр. Елжан Біртанов бюджет қаражатын аса ірі көлемде ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған.

Болатбек Қаюпов
Фото: mgorod.kz

Бұдан бөлек БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Қаюпов пен оның сыбайласы парамен ұсталып, қамауға алынды. Лауазым иелері мемлекеттік сатып алу аясында 78 млн теңгенің медициналық жабдықтарын жеткізген компания директорынан 7 млн 800 мың теңге пара алған. Содан соң атқарылған жұмыс және жабдықтарды қабылдап алу актілеріне қол қойған. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1890356-2020-zyly-isti-bolyp-kyzmetinen-ketken-lauazymdy-seneunikter-kimder/

pixel