Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бред сивой кобылы": СІМ басшысы ресейлік депутаттардың шулы мәлімдемесіне пікір білдірді

Опубликовано:

Мұхтар Тілеуберді
Фото: jebeu.kz

Еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресейлік депутат Вячеслав Никоновтың "Қазақстан территориясы Ресейдің сыйлығы" деген даулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол мәжілістің жалпы отырысында айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәжілістің пленарлық отырысында сыртқы істер министрі Ресейдің кей депутаттарының Қазақстан жайлы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

Бұл сұрақты депутат Омархан Өксікбаев көтерді.

"Сіз (Сыртқы істер министрлігінің басшысына қарата айтуда - ред. ескертпесі) - парламент ғимаратына сирек келетін министрлердің бірісіз. Бүгінде қоғамды толғандыратын өткір мәселе қызу талқыға салынуда: Ресейдегі әріптестеріміз қазір егемендігімізге, шекарамыздың тұтастығына қол сұғып, шулы мәлімдемелер жасауда. Сыртқы істер министрлігі нота жіберді. Олар бұл нотаға жауап берді ме, соны білгім келеді? Сыртқы істер министрлігі қандай шара қабылдамақшы? Сіздің ұстанымыңыз қандай және бұл жағдайда депутаттар не істеуі керек?", - деп сұрады ол.

Мұхтар Тілеуберді бұл мәселенің өзекті екендігімен келісе келе, қабылданған шаралар туралы айтып берді.

"Депутат Никоновтың сөзінен кейін біз Ресей елшілігінің уақытша өкілін сыртқы істер министрлігіне шақырттық. Себебі, елшінің өзі бұл уақытта Мәскеуде іссапарда болған еді. Менің орынбасарым оны қабылдады, содан кейін біз Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұстанымы айқын көрсетілген ресми нота жолдадық", - деді ол.

Министрдің айтуынша, қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, олар бұған ресми түрде жауап бермейді.

"Бірақ бізге шара қабылдағандары туралы хабарлады. Олар парламентпен және президент әкімшілігімен байланысқа шығып, мұндай мәлімдемелерге қатысты сыни көзқарасын білдірген.

Федоровтің кешегі сөздері қазақ ретінде, Қазақстан азаматы ретінде менің намысыма тиеді. Еліміздің тарихын білетін адам ретінде мен бұған орыс тілінде "это бред сивой кобылы" деп жауап қайтарар едім. Мұндай жағдай орын алғанда ең алдымен тарихқа жүгіну керек. СІМ басшысы ретінде бұл Ресей Федерациясының ресми ұстанымына сәйкес келмейтіні сөзсіз екенін айтқым келеді.

Бәріміз білетіндей, біздің мемлекеттік шекара заңды түрде делимитацияланды (бекітілді - ред. ескертпесі), елдер арасында екіжақты келісімшартқа қол қойылды. Бүгінде біз шекарамызды демаркациялаудамыз (шекараны белгілеу - ред.ескертпесі). Пандемиямен байланысты бұл процесс тоқтап қалды, үш жыл ішінде біз демаркацияны аяқтаймыз.

Екі мемлекет арасында стратегиялық серіктестік қалыптасты және бұл барлық екіжақты құжаттарда айқын көрініс тапты, сондықтан біз Ресей Федерациясымен қатынастарымызды халықаралық құқық негізінде дамытатын боламыз", - деп түйіндеді Мұхтар Тілеуберді.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар еліміз жайлы даулы мәлімдеме жасаған ресейлік депутат Вячеслав Никоновқа тарихты оқуға кеңес берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1890560-bred-sivoj-kobyly-syrtky-ister-ministri-resejlik-deputattardy-suly-mlimdemesine-pikir-bildirdi/

pixel