Елбасы астананың атын өзгертуге қатысты өз ойын білдірді
Жарияланған күні:
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Хабар" телеарнасындағы "Штрихи к портрету" деректі фильмінде еліміздің астанасының атын ауыстыруға қатысты өз ойын білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Президент лауазымында болған кезімде мен мұндайға мүлде қарсы болдым, тыйым салып отырдым. Тәуелсіздік мерекесі немесе менің туған күнім келген сайын менің есіміммен қандай да бір көшені немесе мектепті атау туралы ұсыныстар түсіп жататын. Бірақ ойлап қарасаңыз, өзім оқыған Абай атындағы мектепке өз атыңды беруге келісу деген мүлде дұрыс емес қой!? Мен ондайға тыйым салып отырдым. Оны білесіздер. Келісімімді берген бірден-бір жағдай – ол университет", - деген Нұрсұлтан Назарбаев елордада іргелі жоғары оқу орнын ашу идеясының авторы өзі екенін еске салды.
Оның сөзінше, басқа жағдайлардың бәрі де өз мақұлдауынсыз аталып жатыр.
"Тәуелсіздікке 25 жыл толған кезде де Парламент елорданы Нұр-Сұлтан деп атау туралы бастама көтерген болатын. Бұрын қала Ақмола деп аталған. Астананы халықаралық деңгейде таныстыру міндеті тұр еді. Қонақтарды шақырдық. Ақмола деп атау турасында да әртүрлі пікір болғандықтан, ойыма елорданы Астана деп атау туралы идея келді. Бұл – жаңашылдық емес. Мысалы Бейжің деген сөз де Солтүстік Астана дегенді білдіреді. Сондай мысал көп. Астана деген атау жақсы сіңісіп, адамдар да, әлем де үйренді", - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы елорданың атауын өзгерту бастамасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтергенін еске түсірді.
"Аз дегенде Нұр-Астана, көп дегенде Нұр-Сұлтан деп атау ұсынылды. Кезінде сол жағалауға қарап отырғанда көз алдымда алып дала жататын. Ештеңе жоқ еді. Қазіргі ЭКСПО тұрған жерде картоп пен орамжапырақ өсетін еді. Ал қазір ол қандай ғажайып қалаға айналды. Сұқбат беріп отырған сәтті пайдаланып, тағы да басшылардан, қазақстандықтардан сұрайтыным, ондайға әуестенудің қажеті жоқ. Мұның түк керегі жоқ. Тірі кезінде ескерткіш орнату деген сөз – өлгеннен кейін ұрпақ сені есінде сақтап қалатынына сенбеу дер едім. Сондықтан мұндайға әуестенудің қажеті жоқ деп өтінемін. Керісінше біз қазір тарихи атауларды қайтарып жатырмыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан бөлек, Қазақстанның Тұңғыш президенті жиені Айсұлтанның өліміне қатысты да пікір білдірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1892862-elbasy-astanany-atyn-zgertuge-katysty-z-ojyn-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.