RU

Министрлер мен депутаттар қандай вакцина салдыратынын айтты

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстандық депутаттар мен министрлер коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігіне сенеді. Кейбірі тіпті отандық вакцинаны бірінші болып салдыруға дайын деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай коронавирусқа қарсы вакцина алуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда, әзірге ресейлік "Спутник V" немесе қазақстандық QazCovid-IN вакциналарының қайсысын егетінін шешпеген.

"Әзірге шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ, қалай болғанда да, егер халыққа салынса, мен де шет қалмаймын. Себебі бұл жаппай вакцинация ғой. Әрине, қарсы шығып жатқандар да бар. Бірақ біз бәрін түсіндіруіміз керек. Адамдар түсінеді деп ойлаймын. Қауіп жоқ емес, алайда вакцина болмаса, оның орнына басқа нәрсе қажет. Сол себепті бұл бағытта тиісті жұмыс жүріп жатыр", – деді халық қалаулысы.

Ол өзі де, жақындары да COVID-19-бен ауырмағанын жеткізді.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз таңдауын жасап қойған. Тіпті, препаратты полицейлердің арасында бірінші болып аламын деп отыр.

"Мен қазақстандық вакцинаны салдырамын. Полиция қызметкерлері арасында бірінші болып қабылдаймын", – деді ведомство басшысы.

Әділет министрі Марат Бекетаев медицина қызметкерлерінің кеңесімен вакцина алатынын жасырмады.

"Мен дәрігерлердің кеңесіне құлақ асамын. Дәрігерлерімізге сенемін, қандай ұсыныс айтса, соны істеймін", – деді министр.

Еске сала кетсек, осыған дейні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеді. Президент қазақстандық препараттың сынақ нәтижелерін күтіп отыр.

"Егер жақсы нәтиже көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын", – деді Тоқаев.

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын алғаш салғызған шенеуніктердің бірі – білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Ведомство басшысы екпені былтыр тамыз айында ектірді. Ол вакцинадан кейін дене қызуы көтерілмегенін, антидене пайда болғанын айтқан еді.

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан президентінің көмекшісі Ерлан Қарин де салдырды.

Айта кетейік, Қазақстанда биыл 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталады. Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіледі. Вакцинациялау ерікті түрде және тегін салынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1895931-ministrler-men-deputattar-kandaj-vakcina-saldyratynyn-ajtty/