RU

Енді елімізде басшылар қызметкері жемқорлық жасаса бірден отставкаға кетеді

Ақша теңге1
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Енді қоластындағы қызметкер жемқорлық жасаса, оның басшысы лауазымынан бірден босатылады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік төрағасының сөзінше, өткен жылы қарамағындағы қызметкердің жемқорлық әрекеттері үшін 6 басшы отставкаға кеткен.

"9 саяси қызметкер, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымындағы 39 басшы және квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді Алик Шпекбаев.

Сонымен қатар ол отставка туралы жаңалықтар азаматтар мен БАҚ-тың жіті назарында екенін ерекше атап өтті.

"Барлығы басшы болуға ұмтылады, бірақ кез келгені қарамағындағы қызметкері үшін жауапкершілік алуға дайын емес. Отставкаға кету туралы жай өтініш беру және іс жүзінде отставкаға кету – екі түрлі әрекет. Жиі берілетін ескертулер мен сөгістер азаматтардың тек ашуын туғызады. Сондықтан, заңмен қоса моральдік-этикалық қағидаттарды да басшылыққа алатын уақыт келді.

Осы тұрғыда біз кеңесіп, агенттік қызметкері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берсе оның тікелей басшысын атқаратын лауазымынан бірден босату туралы шешім қабылдадық. Тек басшылар сыбайлас жемқорлық фактісін өз бетінше анықтап, жолын кескен жағдайларда ғана қолданылмайды", - дейді агенттік басшысы.

Еске сала кетсек, 28 қаңтарда Алик Шпекбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1896316-endi-elimizde-bassylar-kyzmetkeri-zemkorlyk-zasasa-birden-otstavkaga-ketedi/