RU

Айдос Сарым "билік партиясының атынан мәжіліске өтті" деп сынағандарға жауап берді

Айдос Сарым
Айдос Сарым. Фото: facebook

Парламент сайлауынан кейін әлеуметтік желіде Айдос Сарымның билік партиясының атынан мәжіліске өтуіне қатысты сан алуан пікірлер жазылды. Осыған қатысты саясаттанушы пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ол адамдарға ештеңе айтқым келмейді. Әрбір адам өз арының алдында жауап береді. Басты мәселе – ол жұмыс. Ал жұмыстың нәтижесі бір күнде көрінбейді. Әсіресе, парламентте. Оны өзім келіп, көргеннен кейін түсініп отырмын. Бұл – көзге көрінбейтін ішкі жұмыс", - дейді ол.

Айдос Сарымның сөзінше, бір заңды қабылдау үшін біраз жұмыс жасалады. Барлық құжат алдымен фракцияларда және комитеттерде талқыланады.

Содан кейін ғана шешім қабылданады. Депутат бұның барлығы қоғамға көрінбейтінін айтады.

"Негізі, Қазақстан өзінің тарихында өте қызық және күрделі кезеңге келді. Бұл - реформалық заңдардың кезі. Иә, сыртта жүріп, сын айтуға болады. Сыртта жүріп, пікір айтуға болады. Бірақ айналып келгенде ішіне кіріп, жұмыс істегеннен артық жұмыс жоқ.

Ең басты мәселе осы. "Әрбір үрген итке тас лақтыру үшін тоқтай беретін болсаңыз, ешқашан діттеген орныңызға жетпейсіз" деген сөз бар ғой. Бұл да сол сияқты. Бос шелектің дауысы кішкене қаттырақ шығады ғой", - дейді Айдос Сарым.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтті. Оған "Қазақстан халық партиясы", "Nur Otan", "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, "Ақ жол" демократиялық партиясы, "Адал" саяси партиясы қатысты.

12 қаңтар күні Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлаудағы дауыс берудің соңғы нәтижелерін жариялады.

Оған сәйкес, "Nur Otan" партиясы 71,09%, "Ақ жол" демократиялық партиясы 10,95%, "Қазақстан халық партиясы" 9,10%, "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы 5,29% "Адал" саяси партиясы 3,57% дауыс жинады.

Дауыс беру қортындысы бойынша үш партия - "Nur Otan", "Ақ жол" және ҚХП мәжіліске өтті.

Ал 14 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы жетінші шақырылымдағы мәжіліс депутаттарын тіркеді. Оларға жеке куәліктер мен төсбелгілер табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1896898-kzge-krinbejdi-ajdos-sarym-parlamentke-kelip-neni-tsingenin-ajtty/