Тоқаев: Мұқағалидың 90 жылдығы - әр қазақтың шаңырағындағы той
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев желідегі парақшасында Мұқағали Мақатаевтың мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.
"Бүгін – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Мұқағали поэзиясы – күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жырлары қалың оқырманның жүрегінен орын алды.
Ақын мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той", - дейді президент.
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасазда дүниеге келген. Ол қазақтың мұзбалақ ақыны атанған. Мұқағали өз өлеңдерімен қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерді.
Сонымен бірге ақын өз заманында бірнеше газет-журналда еңбек еткен. Алайда оның ғұмыры қысқа болып, 1976 жылы 27 наурызда небәрі 45 жасында өмірден өткен.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өткен болатын.
Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі.
"Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1897969-toqaev-muqagalidyn-90-zyldygy-ar-qazaqtyn-sanyragyndagy-mereili-toi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.