RU

Қос азаматтығы бар шымкенттік шенеунікке қатысты сот үкімі шықты

Олег Почивалов
Фото: gov.kz

Екі азаматтығы бар деп айыпталған Шымкент қаласы спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Олег Почиваловтың шағымы бойынша шешім шықты. Айыппен келіспеген шенеунік қалалық полиция департаментін сотқа берген еді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Әл-Фараби аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылы 22 ақпанда Олег Почиваловтың Шымкент қалалық полиция департаментінің үстінен мемлекеттік органның шешіміне дау айту туралы өтініші бойынша азаматтық іс қаралған.

Сот барысында полиция департаменті көші-қон қызметінің 20 қаңтардағы қорытындысы бойынша шенеуніктің Ресей азаматтығын алуына байланысты Қазақстан азаматтығынан айырылуын тіркегенін анықтаған.

Соттың мәліметіне сүйенсек, бұл шешімнің қабылдануына Почиваловтың Ресей Федерациясының азаматы екендігі және оның 2020 жылдың 12 наурызында берілген ресейлік төлқұжаты бар екені себеп болған.

Аталған факті Ресей Ішкі істер министрлігінің жауабымен расталған. Осы мән-жайлардың негізінде сот Ресейдің уәкілетті органы ұсынған ақпарат іс бойынша сенімді дәлел болды деп санаған.

"Өтініш беруші Почиволов пен оның өкілі сотқа осы фактіні теріске шығаратын қандай да бір айғақтар ұсынбады. Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 22 ақпандағы шешімімен Почиваловтың Шымкент қаласы полиция департаментнінің үстінен берген шағымы қанағаттандырылмады", - дейді соттың баспасөз қызметі.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, Шымкент қаласы ПД көші-қон қызметі Олег Почиваловтың екі азаматтығы бар екенін анықтады.

Кейінірек, Почивалов мегаполистегі полиция департаментінің үстінен сотқа шағым түсіріп, азаматтық іс қозғалды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/1900145-qos-azamattygy-bar-symkenttik-seneunikke-qatysty-sot-ukimi-syqty/