Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент екі азаматтығы бар мемқызметкерлер үшін жазаны күшейтуді тапсырды

Опубликовано:

Фото
Фото: NUR.KZ

Қазақстан президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында екі азаматтығы бар мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндер үшін жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныс жасады. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай шенеуніктерді жұмыстан шығаруға тапсырма берген еді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазақстан екі азаматтыққа тыйым салған көптеген елдердің қатарында. Мұндай норма біздің Конституциямызда бар. Алайда, соңғы кездері біз мемлекеттік қызметкерлер арасында да қос азаматтығы бар фактілерді жиі тіркей бастадық.

Бұған белгілі себептер бойынша жол беруге болмайды. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қатысты болғандықтан, аталған мәселе өте маңызды. Мұндай фактілердің алдын алу керек", - дейді Тоқаев.

Сонымен бірге мемлекет басшысы өткен жылғы жолдауында екі азаматтығы анықталса квазимемлекеттік ұйымдардың жетекшілерін, мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан шығаруды тапсырғанын еске салды.

"Үкіметтен және мемлекеттік қызмет агенттігінен атқарылған жұмыс нәтижелері туралы есеп беруін сұраймын. Мұндай заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту қажет", - дейді президент.

Еске сала кетсек, Тоқаев шетелдіктерге жер сатуға заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырған еді.

"Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1900800-prezident-eki-azamattygy-bar-memqyzmetkerler-usin-zazany-kuseitudi-tapsyrdy/

pixel