"Сөз бердім": Садыр Жапаров Қазақстанға сапары жайлы айтты
Жарияланған күні:
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Орталық Азия мемлекеттеріне сапарын ең алдымен Қазақстаннан бастау себебін түсіндірді деп хабарлайды Қазақпарат.
Жапаров Қырғызстан президенті болып сайланғаннан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқылардың бірі болып шақырғанын атап өтті.
"Сонда сөз бердім. Орталық Азия мемлекеттері арасында ең алдымен Қазақстанға бара жатқанымның себебінің бірі де сол. Екінші, біз қазақ-қырғыз - бір туған, көршілес елміз. Бізді екі мемлекеттің көптеген мүдделері біріктіріп тұр. Сондықтан бір туған, бауырлас елге сапармен бара жатырмын.
Бірінші сапарымның Ресейге болған себебі - бізде тез арада қол қою үшін дайын тұрған хаттамалар, келісімдер бар еді. Енді Құдай бұйыртса, 2-3 наурыз күндері Қазақстанға, сіздерге мемлекеттік сапармен қонаққа барайын деп отырмын.
Одан кейін Өзбекстан мемлекетіне сапарым жоспарланған. Кейін Қытай мемлекетіне, Түркия мемлекетіне де жоспар бар. Біз барлық мемлекетпен байланысымызды өте жоғары деңгейге жеткізу үшін үлкен күш-әрекетімізді жұмсауымыз керек. Саясатымыз сол", - дейді қырғыз президенті.
Осы орайда Жапаров Қазақстанға келудегі негізгі себебіне тоқталды.
"Біз қазақ-қырғыз бір туғанбыз. Егер қазақ пен қырғызды қатар қойып тұрып, қайсысы қазақ, қайсысы қырғыз деп сұрасаңыз, ешкім айыра алмайды, таңдай алмайды. Сіз бен мені қазір қатар қойып, танымайтын адамнан "қайсысы қазақ, қайсысы қырғыз" деп сұрасаңыз ажырата алмайды. Сондықтан бізде қазақ мемлекетімен келіссөздерде, қандай да бір келісімдерге қол қоюда, не болмаса өз арамызда мәселелер туындап қалған жағдай болса да ешқандай дау-дамай болмауы керек. Өйткені, біз бауырлас халықпыз. Бір-екі күндік өмірмен жоспар құрмағанымыз дұрыс емес.
Қазақстанға барғанда бірқатар келісімдерге, екі мемлекеттің арасында болып жатқан мәмілелерге қол қоямыз. Бірақ, бізде шешілмейтін бірде-бір мәселе болмауы керек", - дейді ол.
Жапаровтың сөзінше, Қазақстан мен Қырғызстан арасында шешілмеген сұрақтар жоқ. Майда-шүйде мәселелер болса өзара келіссөздер арқылы шешіп аламыз, дейді қырғыз президенті.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан президентінің наурыз айының басында елге ресми сапармен келетін хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1901413-soz-berdim-sadyr-zaparov-qazaqstanga-sapary-zaily-aitty/