RU

Майя Бекбаева Октябрь ауданының атауын Әлихан Бөкейхан деп өзгерту туралы пікір білдірді

Майя Бекбаева
Фото: Майя Бекбаеваның Facebook парақшасынан

Бүгін Қарағандыдағы Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан есімін беру мәселесіне орай қоғамдық тыңдау мен дауыс беру өтуде. Ауданның атауын қазақшалауға қарсы шыққан топқа Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Майя Бекбаева үндеу тастады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Белгілі тележурналист Майя Бекбаева Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беруді өте маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам деп атады.

"Бүгін Әлихан Бөкейханның туған өлкесі Қарағандыда Октябрь ауданының атауын Әлихан Бөкейхан ауданы деп өзгерту бойынша қоғамдық талқылау мен дауыс беру өтетінін білдім.

Бұл тарихи тұлғаның 155 жылдығында орай қолымыздан келген өте маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам. Ол қазақ зиялыларын тағы бір саты көтермелеген, өз халқының еркіндігі үшін, теңдігі үшін күрескен, жарқын болашағы үшін өмірін құрбан еткен адам.

Қарағандыда бұл идеяға қарсы шығып жүргендер барын білемін, мен олардың жеткілікті деңгейде хабардар болмағандығнан, тарихты терең білмегендігінен шыққанына кәміл сенемін.

Егер әрбір дауыс беруші Әлихан Бөкейханның өз халқына, туған жеріне жасаған жақсылығын білсе, ешқандай сұрақ туындамайтын еді. Бұл біздің тарихымызды зерттеу мен көпшілікті құлағдар етуде әлі де көп жұмыс істеу керек екенін білдіреді. Және ол жүрекке жететіндей, ақылға қонатындай деңгейде жүргізілуі тиіс. Дауыс беру нәтижесін асыға күтемін", - деді тележурналист Facebook парақшасында.

Айта кетейік, Қарағандыдағы Октябрь ауданының атауын өзгерту мәселесі соңғы 10 жылдан бері айтылып келеді. Ауданда 260 мыңға жуық халық тұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1903069-maiya-bekbaeva-oktyabr-audanynyn-atauyn-alixan-bokeixan-dep-ozgertu-turaly-pikir-bildirdi/