RU

Жамбыл облысында суармалы жерлердің аумағы ұлғайып келеді

Фото
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы, Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандарындағы су шаруашылығы нысандарының жай-күйімен танысты.

Аймақ басшысының аталған аудандардағы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімдігінде арнайы кеңес өтті. Оған ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров, «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов және облыстағы тиісті мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазбек Бедебаев облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарының аумағында орналасқан су шаруашылығы нысандарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Еуропалық қайта құру және даму банкі есебінен 21,5 млрд теңгеге 31 жоба жүзеге асуда.

Фото
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің

Бүгінге дейін оның 5,27 миллиард теңгесі немесе 23 пайызы ғана игерілген. 2018 жылдан бері 310 гидротехникалық құрылыс күрделі жөндеуден өтуде. Атап айтсақ, Жамбыл ауданында жеті жоба, Байзақ ауданында – сегіз, Жуалы ауданында – екі, Қордай ауданында – бір, Меркі ауданында – екі жоба іске асырылуда. Әзірге механикалық тазалаумен 189 шақырым канал қамтылып, оның 87 шақырымы бетондалған. Бұл нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 51 271 гектар суармалы жер айналымға енбек.

Аймақ басшысы құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапалы орындалуы үшін жобаларды реттеуді, жер арналарды бетондау үшін сметалық құжаттаманы уақыт созбай әзірлеу керектігін баса айтты.

Фото
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің

Басқосу барысында мердігерлер мен жобалау ұйымдары басшыларының есептері де тыңдалды.

"Вегетациялық кезең таяп қалғанымен, әлі ешқандай нысан аяқталған жоқ. Бұл олардың жағдайы тиісінше бақыланбай отырғандығын көрсетеді. Бізге, ең алдымен, есеп дұрыс жүргізу керек. Суару стратегиясын құру, аудан әкімдіктерімен бірлесіп жоспар жасау қажет. Барлық суару жүйелеріндегі шығындарды азайту және суды үнемдейтін технологияларды енгізу аса маңызды. Каналдардың басым бөлігі бетондалмаған, бұл судың ауқымды мөлшерінің бос шығынына әкеп соқтырады. Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бойынша жүзеге асып жатқан жобалар аясында жағдай жақсаруы тиіс", - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі жобалық-сметалық құжаттаманың барлық пакеттері бойынша өзгерістер енгізіліп жатқанын сынға алды. Соның салдарынан нысандарлы пайдалануға беру мерзімі созылуда.

Фото
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің

ҚР Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, каналдарды жөндеу бойынша қалыптасып отырған жағдайға байланысты «Қазсушар» РМК бас директоры Жамбыл облысына арнайы келмек. Жұмыс сапары барысында қырғыз тарапымен су беру жөніндегі уағдаластықтарды сақтау туралы келіссөздер жүргізілетін болады.

Фото
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің

Қорытындылай келе, аймақ басшысы тиісті тұлғаларға вегетациялық кезең, яғни 20 мамырға дейін егістік алқаптарды жаңа технологияларды және қосымша су көздерін пайдалана отырып сумен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1912172-zambyl-oblysynda-suarmaly-zerlerdin-aumagy-ulgaiyp-keledi/