RU

Нұрсұлтан Назарбаев: Жақында азық-түлік тапшылығын сезінетін боламыз

Елбасы
Фото: Ақорда

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн-отырысында сөз сөйлеген елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО елдері азаматтарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінде бірігуге шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Назарбаев отырыс барысында азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.

"Азық-түлік туралы сөз қозғасам - қазір барлығы зардап шегуде, бірақ біздің одақтың аумағында халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін барлығы бар. Тек соны дұрыс жоспарлап, дұрыс байланыстырып, біздің аумақта бар дүниені өзге елдерге жеткізу керек. Азық-түлік тапшылығын біз жуық арада міндетті түрде сезінеміз", - деді ЖЕЭК құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске салсақ, бұған дейін Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері басшыларының отырысы өтіп жатқанын жазған едік.

Іс-шараға ЖЕЭК Құрметті төрағасы, Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз республикасының президенті Садыр Жапаров, Армения премьер-министрінің м.а. Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысуда.

Отырыс барысында мемлекет басшылары ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықтың басым мәселелерін талқылап, алға қойылған міндеттерді қарастырады.

Дағдарыстан кейінгі кезеңде интеграциялық өзара әрекеттесуге және Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жоюға ерекше назар аударылады деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1913794-nursultan-nazarbaev-zaqynda-azyq-tulik-tapsylygyn-sezinetin-bolamyz/