RU

"Қазақстан бұрын қонақжай еді": Тоқаев Лукашенконың сөзіне не деп жауап берді

Тоқаев
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қонақтарды қазақ халқының қонақжайлығына күмәнданбауға шақырды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы пандемияға байланысты бейнебайланыс форматында өтіп жатқанын бұған дейін жазған едік. Осы орайда Беларусь президенті Лукашенко жүзбе-жүз кездесудің мүмкін болмағандығына өкінішін білдірді.

"Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Көптен көріскен жоқпыз, бір-бірімізді сағындық. Қазақстан бұрын қонақжай еді, қонаққа шақыратын. Ал қазір, неге екені белгісіз, жабылып қалды. Вакцина жақсы, халыққа екпе салдыру қарқынды жүріп жатыр деп айтамыз. Ол рас. Бірақ біртүрлі кездесе алмай жүрміз", - деді Александр Лукашенко.

Беларусь президенті ЕАЭО елдері басшыларын биыл күзде өз еліне қонаққа келуге шақырды.

Лукашенконың бұл сөздеріне жауап берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының қонақжайлығына күмәнданбауға шақырды.

"Александр Григорьевич, дәстүрлі есте қаларлық сөзіңіз үшін алғыс айтамын. Әріптестеріме айтарым: біздің қонақжайлығымызға күмәнданбаңыздар, кездесуді онлайн өткізу туралы шешімді бәріміз ақылдасып қабылдадық. Біз мемлекет басшыларының денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Індет әлі басылған жоқ, сол себепті сақтанып жүрген абзал", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1913800-qazaqstan-buryn-qonaqzai-edi-toqaev-lukasenkonyn-sozine-ne-dep-zauap-berdi/