Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ерлігі ұмытылмайды": Президент Шарындағы сел кезінде қаза тапқан мұғалім туралы

Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы11
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Мемлекет басшысы 29 мамыр күні Алматы облысындағы Шарын шатқалында болған қайғылы оқиғаны үлкен күйзеліспен қабыл алды. Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

"Шәкірттерін құтқарамын деп өзі құрбан болған білікті маман Мерей Нұрғазыұлы өмірін ұстаздыққа арнады. Оқушыларының сүйікті мұғалімі болды. Табиғат тосын мінез көрсеткен апатты жағдайда жас ұстаз батылдық танытып, оқушысына жанкештілікпен көмек көрсетуге ұмтылды. 26 жасында өмірден қыршын кеткен Мерей Нұрғазыұлының ерлігі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды", – делінген көңіл айту жеделхатында.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын.

Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті.

"Өкінішке қарай, келіп түскен ақпаратқа сәйкес, экскурсияға барғандардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы болған. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген. Қайғылы жағдай салдарынан 1 оқушы мен бейіндік пән мұғалімі қайтыс болды. Қаза болғандардың жанұясына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз", - деген еді ведомство хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1915457-erligi-umytylmaidy-prezident-saryndagy-sel-kezinde-qaza-tapqan-mugalim-turaly/