RU

Ақ үй лауазымды қызметке Қазақстан тумасын тағайындауды қарастырып жатыр

Сәуле Омарова
Фото: nytimes.com

Қазақстан тумасы Сәуле Омарова АҚШ-та белді қызметке тағайындалуы мүмкін. Ақ үй оны АҚШ Қаржы министрлігі Валюталық бақылау басқармасының басшысы қызметіне кандидат ретінде қарастырып жатыр деп жазады New York Times.

Корнелл профессоры атанып отырған Сәуле Омарова бұған дейін Джордж Буштың тұсында қаржы министрлігінің реттеу саясаты бойынша арнайы кеңесшісі қызметін атқарған.

Одан бөлек, Davis Polk & Wardwell заңгерлік фирмасында бес жыл қызмет атқарған.

Бұған дейін Джо Байденнің әкімшілігі валюталық бақылау басқармасына басшы ретінде екі адамның кандидатурасын қарастырған. Ақыры таңдау Омароваға түскен.

"Егер Омарова бұл қызметке тағайындалып, сенаттың қолдауына ие болса, Уолл-стриттегі ірі банктер бұрынғыша жылы қарым-қатынасты күтпесе де болады", - дейді мақала авторы.

Басылым дереккөзінің сөздеріне сенсек, Байденнің көмекшілері Омарованың кандидатурасын қарастырып, жан-жақты тексеріп жатыр және бұл үдеріс әзірге бастапқы сатысында ғана.

Айта кетейік, Сәуле Омарованың ғылыми еңбектері мен криптовалютаға қатысты банкке төнетін қауіп-қатерлер мәселесін көтеруі Ақ үйдің назарын аударып, ақыры Қазақстан тумасының кандидатурасын осындай белді лауазымға қарастыру туралы шешімі қабылданған.

"Ол алдағы айлардың бірінде немесе келесі жылдың басында бұл қызметке тағайындалуы әбден мүмкін. Содан кейін сенат оның бесжылдық мерзімге басшылық қызметін мақұлдауы қажет", - дейді басылым дереккөзі.

Одан бөлек, мақала авторы Омарованың кандидатурасы оған дейін ұсынылған кандидаттарға қарағанда айтарлықтай дау тудырмайтынына назар аударды.

Өзге кандидаттар қаржы индустриясында аса танымал болмаса да, өз әрекеттерімен ел арасында сынға ұшыраған деп жазады басылым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1925880-aq-ui-qazaqstan-tumasyn-aqs-tyn-beldi-qyzmetine-tagaiyndamaq/