Ауғанстан басшысы Ашраф Гани президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті (видео)
Жарияланған күні:
Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға "Талибан" қозғалысының (қозғалыс - Қазақстанда және өзге де бірқатар елде террористік деп танылып, оған тыйым салынған) енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті.
Facebook-тегі ресми парақшасында Ашраф Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.
Сондай-ақ, жазбасында Гани енді ауған халқының "өмірі мен мүлкі" үшін тәліптер жауап беретінін атап өтті.
Катарлық Al-Jazeera телеарнасының хабарлауынша, Ашраф Гани мінген ұшақ Тәжікстанға бет алған. Мемлекет басшысының жеке күзетшісінің айтуынша, одан әрі Гани әйелі, кеңесшісі және кеңсесінің директорымен бірге Ташкентке бет алған.
Ал елдің вице-президенті Амрулла Салех елде қалғанын мәлімдеді. Twitter-дегі парақшасында ол ешқашан "Талибан" содырларының алдында бас имейтінін жазды.
"Өз жерімде. Халықпен бірге. Себеп пен мақсат үшін. Әділдікке нық сеніммен. Біздің мақсатымыз - Пәкістан қолдау білдіріп отырған қысым мен қатыгез диктатураға қарсы тұру", - дейді Салех.
РИА Новости хабарлауынша қазір елдегі жаңа уақытша үкіметті бұрынғы ішкі істер министрі Али Ахмад Джалали басқаруда.
Үкімет құрамына татуластыру кеңесінің басшысы Абдулла Абдулла мен бұрынғы президент Хамид Карзай да кірген.
Қазір уақытша үкімет билікті тікелей "Талибан" өкілдеріне береді деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. "Талибан" жауынгерлері ашық шабуылға шығып, қысқа уақыт ішінде мемлекет аумағының көп бөлігін бақылауға алды.
Кейбір провинциялар мен қалалар қозғалыс күштеріне қарсылық көрсетпей-ақ берілді. Күні кеше "Талибан" Ауғанстан астанасы - Кабулға кірді, бірақ шабуыл жасамады.
Билікті бейбіт жолымен беру туралы келіссөздер басталды.
Сол арада еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан елшісінің Кабулда жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады, бірақ елшілік қызметкерлерінің бір бөлігін шығару туралы шешім қабылданды.
Ауғанстандағы жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1927289-auganstan-bassysy-asraf-gani-prezidenttik-okilettigin-toqtatyp-elden-ketti/