RU

Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы ахуалға қатысты мәлімдеме жасады

СІМ
Фото: Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды ведомствоның сайты.

"Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың даму барысын мұқият қадағалап отыр. Аталған елдің тарихында тағы бір шешуші сәт келе жатыр. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек.

Қазақстан барлық тараптарды ішкі тұрақтандырудың басты алғышарты ретінде биліктің бейбіт транзитін қамтамасыз етуге шақырады. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің инклюзивті және өкілдік үкімет құру, ұлттық азшылықтар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеу, халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемесін қолдаймыз", - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы (UNAMA) мен АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктері Алматы қаласында уақытша орналастырылғанын жазған едік.

Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайларын жалға алуы және т.б. барлық шығыстары толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1927925-sesusi-sat-syrtqy-ister-ministrligi-auganstandagy-axualga-qatysty-malimdeme-zasady/