"Қорқудың қажеті жоқ": Отандық дипломат ауған халқы туралы не ойлайтынын айтты
Жарияланған күні:
Қазақстанның Ауғанстандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі, дипломат Өміртай Бітімов ауған халқы туралы өз пікірімен бөлісті деп хабарлайды Youtube желісіндегі Желмая.
"Ауған халқынан қорқудың қажеті жоқ. Олар да қарапайым халық. Менің ауғандық бір депутат досым болатын. Ол маған ауған халқы бұрын осындай діншіл болған жоқпыз. Мұсылман мемлекеті, бірақ радикалдық ағымдар болмады деп отыратын, - деді ол.
Тәліптер ел билігін қолына алғалы жергілікті тұрғындардың жан-жаққа бас сауғалап қашып жатқаны белгілі.
Осы орайда Өміртай Бітімов қиын-қыстау кезеңде біздің дипломаттарды елге қайтармауға қатысты да пікірін білдірді.
"Жалпы ол елдегі біздің елшіліктегі қызметкерлер саны сондай көп емес. Бәрін қосқанда 10-15 адам ғана болатын шығар. Оның үстіне, бұл жаққа өзге елдердегі елшіліктердегі секілді дипломаттарды отбасымен жібермейді. Шиеленіске байланысты онсыз да сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы елшілікті жартылай қысқартты", - деді Ауғанстандағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі.
Айта кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. "Талибан" жауынгерлері ашық шабуылға шығып, қысқа уақыт ішінде мемлекет аумағының көп бөлігін бақылауға алды.
Кейбір провинциялар мен қалалар қозғалыс күштеріне қарсылық көрсетпей-ақ берілді.
15 тамыз күні "Талибан" Ауғанстан астанасы - Кабулды ұрыссыз бағындырды.
Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті.
Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.
Ал "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыстың аяқталғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1928759-qorqudyn-qazeti-zoq-otandyq-diplomat-augan-xalqy-turaly-ne-oilaitynyn-aitty/