Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Елден бір костюммен шықтым": Ауғанстанның бұрынғы президенті көпті мазалаған сауалға жауап берді

Опубликовано:

Ашраф Ғани
Ашраф Ғани. Фото: Dan Kitwood - WPA Pool/Getty Images

Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Ғани 15 тамызда Кабулды тастап, "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысының елді жаулап алуға жол бергені үшін халықтан кешірім сұрады деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.

"Осының бәрін басқаша аяқтай алмағаным үшін ауған халқынан кешірім сұраймын. Ауған халқына қызметім шексіз, бар өмірімді соған арнаймын", — деді бұрынғы президент Tolo News телеарнасына берген сұқбатында.

Сонымен қатар Ашраф Ғани белгісіз бір шетел азаматтары өміріне қастандық жасағанын жеткізді. Бұрынғы президенттің сөзінше, олар сарайына кіріп, бөлмелерден президентті іздеген.

"Мен елден кетуге мәжбүр болдым, аяқ киім ауыстыруға мұрша болмады. Өмірімдегі басты байлығым: кітаптарымды, жазбаларымды, жеке ноутбугымды алып кете алмадым. Халықаралық күштермен елден шығу жолдарын талқылауға уақыт болмады. Елден бір ғана костюммен шықтым. Басқа жайттарын, Құдай қаласа, келесі жолы айтып берермін", — деді Ашраф Ғани.

Осы орайда Ауғанстанның экс басшысы қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып жатқанын айтты.

Ол ауған халқына тиесілі миллиондаған долларды өзімен бірге алып кетті деген мәліметті тағы да жоққа шығарды.

"Бұның бәрі жалған. Жемқорлық - дерт, президент болған уақытта бар күшімді сонымен күресуге арнадым", - дейді Ашраф Ғани.

Айта кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. "Талибан" жауынгерлері ашық шабуылға шығып, қысқа уақыт ішінде мемлекет аумағының көп бөлігін бақылауға алды.

Кейбір провинциялар мен қалалар қозғалыс күштеріне қарсылық көрсетпей-ақ берілді.

15 тамыз күні "Талибан" Ауғанстан астанасы - Кабулды ұрыссыз бағындырды.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті.

Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.

Ал "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыстың аяқталғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1931541-elden-bir-kostyummen-syqtym-auganstannyn-buryngy-prezidenti-kopti-mazalagan-saualga-zauap-berdi/