16 жыл бойы ел билеген Ангела Меркель саяси мансабын аяқтамақ
Жарияланған күні:
Германия канцлері Ангела Меркель саяси мансабын аяқтауға жақын. 16 жыл бойы ел билеген саясаткер бесінші мерзімде сайлауға түспейтін болды деп жазады Хабар24.
Бундестагтың халықаралық істер комитетінің парламенттік хатшысы Андреас Янның айтуынша, немістердің көбі Меркельдің жаңа мерзімге сайланбайтынына өкініп отыр.
"Меркель Германияны күшті әрі тұрақты мемлекетке айналдырды. Елдің беделін көтерді, әлемде бізді сенімді серіктес санайды. Канцлер ықыласпен еңбек етіп, барлық сауалдарға мұқият қарайтын. Шынын айтсақ, партияластары мен немістердің көбі Меркельдің жаңа мерзімге сайланбайтынына өкініп отыр. Оларға канцлер құрған тұрақтылық пен билік мәнері ұнайтын", - дейді Андреас Ян.
Айта кетейік, мамандығы физик болса да Ангела Меркель жас кезінен саясатқа қызығып, биліктің шыңына шықты.
Мансабын партияның қарапайым мүшесінен бастаған ол ақыры көшбасшысына айналады. Германияда канцлер болып сайланған алғашқы әйел атанды. Әлемдегі ең қуатты мемлекеттің бірін 16 жыл үздіксіз басқарды.
Саясаттанушылардың айтуынша, Меркель билігін неміс саясатындағы бөлек бір дәуір деп сипаттауға болады. Оны әлем басшылары қадірлеп, ел тұрғындары құрметтеді.
Меркельдің басқаруымен Германия экономикасы өрлеп, біріккен Еуропаның қозғаушы күшіне айналған. Алайда кейде Меркель сынға да іліккен. Әсіресе Германия бір миллионнан аса босқын қабылдаған миграциялық дағдарыс кезінде.
Дегенмен осыған қарамастан халық оны төртінші мерзімге сайлаған еді. Енді көп ұзамай Ангела Меркель билік тізгінін жаңа тұлғаға тапсыруы тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1933205-16-zyl-boiy-el-bilegen-angela-merkel-sayasi-mansabyn-ayaqtamaq/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.