Тоқаев Алматыдағы атысқа қатысты: Ешбір себеп адам өлтіру әрекетін ақтай алмайды
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда бес адамның өмірін қиған қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды "Хабар 24".
"Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Полицейлер мен сот орындаушысы өздерінің қызметтік міндеттерін орындады және өкінішке қарай, өздеріне жасалған шабуыл салдарынан қайтыс болды. Ешбір себеп адам өлтіру әрекетін ақтай алмайды. Өркениетті қоғамда мұндай даулар мен мәселелер тек қана заң аясында шешілуі тиіс.
Сонымен қатар, болған трагедияны жан-жақты зерттеу қажет, бұл - нағыз трагедия. Неліктен бұл жағдай орын алғанын анықтау керек. Мен Алматы әкімдігі мен үкіметке осы қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына, әрине бірінші кезекте балаларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырамын. Балалардың еш кінәсі жоқ. Балаларымыздың қоғамымыз әділ екеніне сеніп өскені маңызды", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда президент несие берушілер мен қиын жағдайда қалған борышкерлер арасындағы қарым-қатынас аясын заңды тұрғыда жетілдіруді тапсырды.
Мемлекет басшысы ашық және бірізді сот практикасын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеу және жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру қажет ететінін алға тартты.
Сөз соңында президент үкіметке, Ұлттық банкке және қаржылық реттеу агенттігіне бір ай ішінде заңнамаға түзетулер әзірлеу тапсырды. Ал келесі жылдың басында олар өз күшіне енуі керек.
Еске салсақ, бұған дейін "Ақ жол" демократиялық партиясы депутаттық сауал жолдап, "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеуді талап еткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1933454-toqaev-almatydagy-atysqa-qatysty-esbir-sebep-adam-oltiru-areketin-aqtai-almaidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.