Алматыдағы атыстан соң Қазақстанда "жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеу талап етілді
Жарияланған күні:
"Ақ жол" демократиялық партиясы депутаттық сауал жолдап, Алматыдағы қайғылы оқиғадан кейін "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеуді талап етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Депутаттық сауалды партия жетекшісі Азат Перуашев өзінің Telegram-каналында жариялады.
Партия өкілдері екі күн бұрын Алматыда болған қайғылы оқиғаны еске алды - ер адам отбасын үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген полиция қызметкері мен сот орындаушысына оқ жаудырып, салдарынан бес адам қаза тапқан болатын.
"Біздің фракция қайғылы оқиға құрбандарының туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады", - дейді партия өкілдері.
Фракция мүшелері бұл қайғылы оқиғаға борышкер мен банктің тұрғын үй төңірегіндегі дауы себеп болғандықтан, қаржыны реттеу органдары шара қолдануы қажет деп санайды. Ашық дереккөздерге сілтеме жасған партия, банк отбасының мүлкін нарықтағы құнынан екі есе төмен бағаға сатылымға шығарғанын сөз етті.
"Мұндай біржақтылыққа кәсіпкерлікпен айналысуға немесе жай несие алуға тәуекел еткен мыңдаған азаматтар тап болуда. Көптеген борышкер өзіне қол салуға дейін барып жататыны сирек жағдай емес. Алайда, бұл жағдайда борышкер өз қаруын басқаларға қарсы кезеді. Мұның бәрі осындай дау бойынша сот шешімдерінің әділетсіздігіне және сот орындаушылары мен банк қызметкерлерінің алдын ала өзара келісіп алуы мүмкін екендігіне, Ұлттық Банктің жоғары базалық ставкасы да себепкер болып отырған халықтың қарыздық ауыртпалығының үлкен болуына қайтадан назар аударуды қажет етеді", - делінген партияның сауалында.
"Ақжолдықтар" 2014 жылдан бері "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеуді он шақты рет ұсынғанын еске салды.
Бұл құжат, партия мүшелерінің пікірінше, банкрот болған азаматтардың өмірлік құқықтарына кепілдік беруге, үйсіз қалмауына, тамағы тоқ болып, балаларын тәрбиелеуге, "несиенің жарнамасына сеніп, жабуға шамасы жетпейтін қарызға батқан" адамдарды кедейлік пен жоқшылықтан құтқаруға мүмкіндіктер жасай алады.
Партия уәкілетті органдар бұл құжатты қабылдауды үнемі кейінге қалдырып келе жатқанына баса назар аударды.
"Кешегі құрбандар - бұл мыңдаған шағын кәсіпкер мен қарапайым борышкердің жағдайына немқұрайлы қараудың тікелей нәтижесі. Банктің әрекетін түсінуге болады, өйткені оның міндеті - ақша табу. Алайда, біз төлем жасауға қабілетсіз борышкерді кепілдегі мүлкінен айыру кезінде бағалау құнынан ауытқу 10-15%-дан аспауы керек деп санаймыз, өйткені мұндай мүлікті кепілге алуды рәсімдеу сатысында-ақ, мүліктің құны несие сомасына қарай 30-40%-ға дейін төмен бағаланады", - делінген депутаттық сауалда.
Фракция Қаржы нарығын реттеу агенттігін банктердің борышкерлерден тәркіленетін мүліктің құнын төмендету мүмкіндіктерін шектеуге шақырды.
Сонымен қатар, партия несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуді қажет деп санайды. Ол үшін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты саясатын қайта қарау қажет дейді "ақжолдықтар". Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, "Ақ жол" парламенттік фракциясы келесілерді талап етті:
- қарыз алушылардың заңды құқықтарының бұзылуын болдырмайтындай банктердің мүлік құнын төмендету мүмкіндіктерін шектеу мәселелерін шұғыл түрде пысықтау;
- кепілге қойылған мүлікті сатуда банк қызметкерлерінің және сот орындаушыларының алдын ала өзара келісіп алуының кез келген мүмкіндіктерін болдырмау;
- шұғыл түрде "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеу.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933306-almatydagy-atystan-son-qazaqstanda-zeke-tulgalardyn-bankrottygy-turaly-zandy-azirleu-talap-etildi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.