RU

«Лаулаған отты бағындырамыз»: Балқытушы қызықтарға толы жұмысы туралы айтып берді

Кайрат Егимбаев
Фото: Kazakhmys Smelting

Бәріміз де өмірімізде болашаққа бағдар беретін маңызды таңдау жасап жататынымыз анық. Осындай таңдауды жас маман Қайрат Егімбаев та жасап, 20 жыл бұрын балқытушы болып жұмыс істеуге бел буады. Оған өмірде өз жолын табу үшін металдың қалай ерігенін бір рет көру жеткілікті болды.

Қайрат Егімбаев – Балқаш мыс қорыту зауытының аға балқытушысы. Ол 2001 жылы механика мамандығы бойынша техникумды тәмамдағаннан кейін бірден өндіріске келеді. Алайда, ол кезде мамандығы бойынша бос орын болмағандықтан, жас түлекке өзін балқытушы ретінде сынап көру ұсынылды. Ол кезде Қайрат үйленіп, әке атанып үлгерген еді және отбасын асырау үшін оған мүмкіндігінше тезірек жұмыс табу маңызды болды.

«Алғашқы күні зауытқа жаңа келгенімде арнайы жұмыс киімін беріп, цехқа апарды. Цех жұмысымен таныстырып, мұнда жұмыстың қалай жүргізілетінін түсіндіріп берген бригадир Қанат Жақыпов: «Жұмыс оңай емес, ерік-жігерді, батылдықты, талапты, табандылықты қажет етеді» деп бірден ескертті. Аға әріптестерімнің лаулаған отты бағындырып, 1300 градустық балқытылған металды ептілікпен науадан науаға аударып жатқан сәтін көргенде олардың шеберлігіне қызыға қарағаным есімде. Мен мансаптағы өмірлік жолымды дұрыс таңдағанымды және металлург болатынымды бірден түсіндім», - деп есіне алды ол.
Кайрат Егимбаев
Фото: Kazakhmys Smelting

Айтуынша, оны балқытушылардың батылдығы, жұмысты сенімді меңгергендігі ғана емес, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе тату-тәтті жұмыс атқара білуі де тәнті еткен.

«Мен де осы ұжымның бір бөлігі болғым келетінін және болашақта біреудің тәлімгері болуды қалайтынымды түсіндім. Олар маған көмектесті, ынталандырды, барлық ескерілуі тиіс тұстарын айтып берді, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, әрқашан қол ұшын созып отырды. Мансабын жаңадан бастаған тәжірибесіз жұмысшылар үшін мұндай қолдау өте маңызды әрі құнды», - деп атап өтті Қайрат Егімбаев.

20 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан Қайраттың өзі де көптеген «жұмысшыларды» дайындады – бұл «Қазақмыстың» өндірістік нысандарында жұмыс істеудің бір артықшылығы, мұнда тәлімгерлік бағыты өте жақсы дамыған. Әрбір жаңадан келген адамға тәжірибелі маман бекітіліп, оның дағдылануына, мамандықтың барлық қыр-сырын меңгеруіне көмектеседі.

Цех
Фото: Kazakhmys Smelting
«Бүгінгі күні мен БМЗ-да аға балқытушы болып жұмыс істеймін. Менің жұмысым – пешті қарап тексеру, аралап шығу, өлшем алу. Кейде күтпеген жағдайлар да болып жатады. Мәселен, бір жолы пешіміз «жұмыс істемей қалды», температураны жоғарылата алмай, пешті суытып алдық, ал оған жол беруге болмайды. Содан кейін маған әріптестеріммен бірігіп мәселені тез арада шешуге тура келді, кеңескеннен кейін біз күкірт концентратын қосу туралы шешім қабылдадық, көп ұзамай бәрі орнына келді. Мұндай сәттерде күйзеліске төзімді болу, тез және дұрыс әрекет ету маңызды», - дейді балқытушы.

Қайрат Егімбаев үшін әріптестері отбасының бір мүшесіне айналған десе де болады.

«Біз көппіз, пештерде 20-дан астам балқытушы еңбектенеді. Мұндай жұмысты жалғыз атқару мүмкін емес. Біз жұмысты жұмыла жүргіземіз. Егер бір жерде күтпеген жағдай орын алған болса, сізге қиын уақытта қолдау көрсететін көмекші, серіктес, дос керек», - деп қосты ол.

Қайрат Егімбаев – өнеркәсіпшілер әулетінің өкілі, оның әкесі, анасы және үлкен ағасы бір кездері Қазақмыс кәсіпорындарында жұмыс істеген.

«Көп жылдар бұрынғы өндіріс жұмысын бүгінгі жетістіктермен салыстыруға келмейді, қазіргі өндріс дамып, технологиялық тұрғыдан ілгерілей түскен»,- дейді зауыт жұмысшысы.
«Алғаш рет балқытушы болып жұмысқа орналасқанымда, бізге ауыр физикалық еңбекті қажет ететін шағылыстыру пештерімен жұмыс жасауға тура келді. Бірақ жыл өткен сайын еңбек жағдайы жеңілдеп, зауыт жаңартылуда, жаңа технологиялар енгізілуде. Уақыт өте келе балқытушылардың жұмысы бұдан да жеңіл әрі қауіпсіз болады деп ойлаймын», - деп баяндайды Қайрат Егімбаев.

Ол бос уақытын толығымен отбасына арнайды. Үлкен ұлы университеттің соңғы курсында оқиды, қызы – мектеп оқушысы. Олар бірге белсенді өмір салтын ұстанады және қызығушылықтары көп: велосипед тебу, коньки тебу, футбол, жаттығу залында дене шынықтыру, жаяу серуендеу, балық аулау. Қайрат өзін жұмыстан кейін үйге асығып, ал үйден сүйікті жұмысына қуана бет алатын бақытты адам санайды.

«Менің жұмысымда ең бастысы – өзім үшін, адамдар үшін, өнімнің сапасына жауапкершілікті сезіне білу, оттан қорықпау, жігерлі болу. Мен өзімнің борышымды тапқанымды нақты білемін. Балқыған металды басқару, от ағынын бір нүктеден екінші нүктеге бағыттау – балқытушының жұмысы қызық, әрі әдемі деп ойлаймын. Мен бұл сезімді сөзбен жеткізе алмаймын, оны тек сезінуге болады», - деп түйіндеді БМЗ қызметкері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1941067-laulagan-otty-bagyndyramyz-balqytusy-qyzyqtarga-toly-zumysy-turaly-aityp-berdi/