Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өмірдің келесі кезеңіне қадам басып жатырмын": Бекболат Тілеухан неліктен басқа қызметке ауысқанын айтты

Опубликовано:

Бекболат Тілеухан
Фото: Instagram/bekbolat.tleukhan

Мәжіліс депутаты ретінде өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған Бекболат Тілеухан не себепті басқа қызметке бара жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бекболат Тілеухан енді Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті қызметін атқарады. Айтуынша, жаңа қызметі бойынша өмірінің келесі кезеңіне қадам басып жатыр.

"Сіздермен жұмыс істеген бір сәтім - өмірімнің бір белесі, кезеңі, яғни мен үшін бақытты жақсы шағым.

Тайымда танып, тұлпардай қылып топқа қосқан әуелі Елбасына рахмет. Нұрағамыздың бастаған жолын ары қарай жалғастырып жатқан мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының қамқорлығына, жасап жатқан марапаттарына шексіз алғысымды білдіремін.

Парламент қабырғасындағы өмірім өте бір сәтті кезең деп білемін. Енді, қай жерде елге, мемлекетке пайдам көбірек тиеді, сол жерде болғанды міндет деп танығандықтан, өмірдің келесі кезеңіне қадам басып жатырмын. Біраз жұмыс істедік, артық айтқан сөзіміз болса, жаза басқан жеріміз болса, кейбір әріптестерімнен кешірім сұраймын, ғафу өтінемін", - дейді экс-депутат мәжіліс мінберінде сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар ол парламент депутаттарына өз өтінішін жеткізді.

"Қазақ дейтін ұлттың тілінің, мәдениетінің, тарихының, ғылымының, руханиятының, салт-дәстүрінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жері, басар тауы жоқ, басқа дамитын жері жоқ.

Қазақ – ол шабуылшы жұрт емес, қорғанушы жұрт, тарихта есесі кеткен жұрт. Осы нәрсе естеріңізде болып, парасат көздеріңіз тарихи санамен, мемлекетшілдік оймен әрқашан жүректеріңіздің түкпірінде тұрса екен деген өтінішім бар. Мұны депутат ретінде емес, сайлаушы ретінде айтып отырмын. Істеріңізге береке тілеймін", - деді Бекболат Тілеухан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1949072-omirdin-kelesi-kezenine-qadam-basyp-zatyrmyn-bekbolat-tileuxan-nelikten-basqa-qyzmetke-auysqanyn-aitty/

pixel