"Ақтауға келмейді": Байден Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптады
Опубликовано:

Ресей президенті Владимир Путин Донбасста арнайы әскери операция жүргізілетінін жариялағаннан кейін АҚШ президенті Джо Байден мәлімдеме жасады, деп хабарлайды CNN.
"Бүкіл әлем бүгін түнде Ресей қарулы күштерінің себепсіз және ақтауға келмейтін шабуылына ұшыраған Украина халқымен бірге. Президент Путин адамдар жапа шегіп, қайғы-қасірет әкелетін алдын ала ойластырылған соғысты таңдады", - дейді АҚШ президенті.
Байден құрбан болғандардың өлімі үшін Ресей жауапты болатынын мәлімдеді.
"Бұл шабуылдың салдарынан болатын өлім мен қиратулар үшін тек Ресей жауап береді. АҚШ пен оның серіктестері бірауыздан және батыл жауап қайтарады. Әлем Ресейді жауап беруге шақырады", - дейді Джо Байден.
Еске сала кетсек, Ресей президенті Владимир Путин ресейліктерге жасаған үндеуінде Донбасста арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген болатын.
Кейін әртүрлі БАҚ өкілдері оның ішінде Украинаның, батыстың тілшілері Украинаның Киев, Краматорск, Одесса, Харьков пен Бердянск секілді қалаларынан жарылыс дауысын естігенін хабарлады.
Одан бөлек, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, Ресей мен Украинаны қазіргі ахуалды реттеу үшін диалогқа шақырған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1957627-aqtauga-kelmeitin-sabuyl-baiden-reseidin-ukrainaga-qatysty-areketin-aiyptady/