Қазақстаннан гуманитарлық көмек тиелген екі жүк көлігі Украинаға жол тартты
Жарияланған күні:
Бүгін Нұр-Сұлтаннан Украинаға гуманитарлық көмек тиелген алғашқы жүк керуені жолға шықты. Киев облысына бағыт алған екі жүк көлігінде 40 тонна азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім және басқа да қажетті заттар бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Петр Врублевский гуманитарлық көмек шамамен 10 күннен кейін Киев облысына жететінін хабарлады.
"Құрметті достар, бүгін біз қазақстандықтар Украина халқы үшін жинаған 40 тонна жүк тиелген екі көліктен тұратын алғашқы керуенді жөнелтудеміз.
Бұл жүк көліктерінде бұзылмайтын тамақ өнімдері бар. Сондай-ақ, жарма, макарон, консервілер, балалар тағамы, балалар мен ересектерге арналған жаялықтар да тиелген. Өйткені мүгедектерге де көмек қажет. Одан бөлек көрпе, гигиеналық, ылғалды майлықтар, балалар киімі мен аяқ киімі де бар", - деді ол.
Керуен алты ел арқылы өтеді. Оның ішінде Әзірбайжан, Түркия, Болгария және Молдованы қиып өтеді. Ол Киев облысына шамамен 10 күннен кейін жетеді деп күтілуде.
Сондай-ақ, елші Қазақстан үкіметі Украинаға ресми гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын және ұшақ 14 наурызда Алматыдан ұшып, Варшаваға келетінін атап өтті.
Петр Врублевский бүгін Украинаға гуманитарлық көмек тиелген ұшақ ұшып кеткенін және өткен аптада тағы үш ұшақ жіберілгенін жеткізді. Украинаға әуе жолы арқылы Қазақстаннан барлығы 25 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.
Елші көмек қолын созу жоғары қарқында жүріп жатқанын атап өтті. Қазақстандықтар елшілікке дәрі-дәрмек, балаларға арналған заттар, ойыншықтар, бірінші кезектегі қажетті заттар, жеке гигиена құралдары, киім, аяқ киім, ұзақ сақталатын азық-түлік, көрпелер, ұйықтауға арналған қаптар және үй жануарларына арналған азық әкеліп берген.
"Украинаның гуманитарлық қолдау штабы Нұр-Сұлтанда Жылыой көшесі, 12 мекенжайы бойынша орналасқан Украинаның Қазақстандағы елшілігінің жанында нон-стоп режимінде жұмыс істейді. Қазақстандықтар көмекті күн сайын сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін әкеле алады.
Өңірлер бойынша қазірдің өзінде мыңнан астам еріктілерді жиналды. Олар ауа райына қарамастан, Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да өңірлерде осы көмекті жинап, оны буып-түю және жөнелту жұмыстарын жүргізуде.
Өздеріңіз білетіндей, үкімет украиналықтарға көмек ретінде 1 млрд доллар бөлді.
Екіншіден, үкімет жүкті тіркеуге, жөнелтуге көмектесуде. Себебі техникалық сәттерде үкіметтің көмегінсіз өздері атқара алмас еді. Осы үшін мен Үкіметке алғысымды білдіремін", - дейді Нұр-Сұлтан бойынша көмекті ұйымдастырушы Рахымбек Әбдірахманов.
Бұған дейін қазақстандықтар Украинаға гуманитарлық көмек ретінде 150 млн теңге қаражат жинағаны хабарланған еді.
Ал осы аптаның басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен әңгіме барысында Қазақстан Украинаға дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті өнімдерден гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1960259-qazaqstannan-gumanitarlyq-komek-tielgen-eki-zuk-koligi-ukrainaga-zol-tartty/