Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама коронавирус жұқтырып алды

Опубликовано:

Барак Обама
Барак Обама. Фото: Joe Raedle/Getty Images

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обамадан коронавирус анықталды. Бұл туралы саясаткер өзінің Twitter парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Барак Обаманың сөзінше, оның коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен.

"Менің бір-екі күн тамағым жыбырлады, бірақ өзімді жақсы сезінемін. Біз Мишель екеуіміз екпе мен ревакцинация үшін алғыс айтамыз. Оның (Мишель Обаманың коронавирусқа қарсы тапсырған тесті - ред.) нәтижесі теріс", - деп жазды ол.

Осы орайда АҚШ-тың бұрынғы президенті ел азаматтарына ауру жұқтыру көрсеткіші төмендесе де, вакцинацияның маңызды екенін еске салды.

Айта кетейік, Барак Обама АҚШ-тың 44-президенті. Ол бұл қызметті 2009 жылдан 2017 жылға дейін атқарды. Оған дейін экс-президент Иллинойс штатынан АҚШ конгресінің сенаторы болған.

Еске сала кетсек, биыл ақпан айында Ұлыбритания патшайымы II Елизавета да коронавирус жұқтырып алған болатын.

Оның ресми өкілдері 95 жасқа келген патшайымның ауруы тұмау сияқты жеңіл өтіп жатқанын мәлімдеген еді. Дегенмен, патшайым дәрігерлердің барлық кеңесін орындап, қажетті ем-домды алған.

Сонымен қатар, футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака мен футзалшы Арнольд Кнаубтан да коронавирус анықталған болатын.

Салдарынан Кака мен Кнауб Еуропа чемпионатындағы Словениямен өткен алғашқы ойынға қатыса алмады. Команданы ойынға бас бапкердің көмекшісі Сергей Коридзе бастап шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1960704-aqs-tyn-eks-prezidenti-barak-obama-koronavirus-zuqtyryp-aldy/

pixel