Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жергілікті халық сайлаған Талғар әкімі қызметінен кетті

Опубликовано:

Қайрат Исабаев
Фото: gov.kz

Жергілікті тұрғындар сайлаған Талғар әкімі Қайрат Исабаев қызметінен кетті. 55 жастағы қала басшысы өз еркімен лауазымынан босату туралы өтініш жазған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғар ауданының әкімдігіне сілтеме жасап.

Талғар әкімінің қызметінен кету туралы шешім қабылдағаны жайлы ақпарат ең алдымен әлеуметтік желілерде пайда болды.

Аудан әкімдігі Қайрат Исабаевтың өз еркімен қызметінен босату туралы өтінішпен жүгінгенін растады.

"Қала әкімінің жалпы дауыс беру арқылы сайланғанын ескерсек, отставкаға қатысты шешімді аумақтық сайлау комиссиясы қабылдайтын болады", - дейді ішкі саясат бөлімінің басшысы Фарида Бегімбаева.

Осы орайда аудандық сайлау комиссиясы бұл мәселе бойынша отырыс өткенін хабарлады.

"Бізге оның атқарып отырған қызметінен босату туралы өтініші келіп түсті. Өтініште қызметінен өз еркімен кететіні айтылған. Бұндай шешім қабылдауға не түрткі болғанын сұрағанда Қайрат Исабаев денсаулығына байланысты екенін айтты.

Бүгін күннің бірінші жартысында отырыс өтті. Онда Талғар әкімінің өкілеттілігін тоқтату туралы қаулы шықты. Құжат тиісті бұйрыққа қол қою үшін аудан әкіміне жіберіледі. Ал жаңа әкімді сайлау туралы шешім заңнамаға сәйкес бір ай ішінде қабылданады", - дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев.

Айта кетейік, Қайрат Исабаев 2021 жылдың қарашасында Талғар әкімі болып сайланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1963717-zergilikti-xalyq-sailagan-talgar-akimi-qyzmetinen-ketti/

pixel