Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына үндеу жасайды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін сағат 20.00-де Қазақстан халқына үндеу жасайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі президенттің баспасөз қызметінің ресми Телеграм-каналына сілтеме жасап.
"Бүгін сағат 20.00-де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусым күні өткен референдумның қорытындысы бойынша республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу жасайды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Орталық референдум комиссиясы 5 маусымда елімізде өткен ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның алдын ала қорытындысын жария еткен болатын.
Оған сәйкес, дауыс беруге жалпы 7 986 293 адам қатысқан. Алдын ала мәліметтер бойынша:
- Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдап 77,18 пайыз яғни, 6 163 863 адам дауыс берген.
- Конституциялық түзетулерге қарсы 18,66 пайыз немесе 1 490 475 адам дауыс берген.
- Екі нұсқаны да таңдағандар 1,58 пайыз - 125 859 адам.
- Ал бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1972847-toqaev-bugin-qazaqstan-xalqyna-undeu-zasaidy/