Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұмыс өте көп": Тоқаев Ұлытау облысының даму перспективаларымен танысты

Опубликовано:

Тоқаевтың Ұлытау облысына іссапары
Фото: Борт №1/ Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Ұлытау облысының даму перспективаларымен танысты, деп хабарлайды Ақорда ресми Telegram-каналында.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали президентке облыстың әкімшілік орталығы Жезқазған қаласының және өңірдің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндады.

Ол экологиялық ахуалдың нашарлауы, аймақ арқылы өтетін республикалық жолдардың тозуы, экономиканың әртараптандырылмауы немесе ірі кәсіпорынға тәуелділік, инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі және әлеуметтік сала өңірдегі негізгі проблемалар екенін атап өтті.

Берік Әбдіғали экономиканы әртараптандыру ісін жеделдету үшін арнайы экономикалық аймақ құру қажет екенін де айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталатынын, ал Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту 2023 жылы басталатынын жеткізді.

Өңір әкімінің деректеріне сүйенсек, облыс орталығындағы тұрғын үйлердің 33 пайызы ескірген. Қазір тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған. Сондай-ақ 2022-2023 жылдары қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланған.

Одан бөлек Берік Әбдіғали Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік университет, қосымша білім беру орталығын, сапалы мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерін және филармония залын салу қажет екенін жеткізді.

Жезқазған қаласының және Ұлытау облысының жағдайымен танысқан президент өңірді дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын айтты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды.

"Қала барлық жағынан тартымды болуы керек. Жұмыс өте көп. Мен Жезқазғанның, облыстың ең көрікті өңір болатынына сенемін", - дейді президент.

Тоқаевтың Ұлытау облысына іссапары
Фото: Борт №1/ Telegram

Бұдан кейін "Қазақмыс компаниясы" ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай кәсіпорынды және өңірді дамыту жөнінде баяндама жасады.

Компания Жезқазған, Сәтбаев қалаларының инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан "Қазақмыс" биыл 25,4 миллиард теңге бөлген. Бұл былтырғыға қарағанда екі есе көп. Мемлекет басшысы алдағы ауқымды жұмыстар үшін бұл қаржының жеткіліксіз болатынын айтып, бөлінетін қаржыны көбейту туралы ұсынысын жеткізді.

"Мен мына мәселеге тоқталғым келеді. Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. "Қазақмыс" компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын.

25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Компания басшылығы денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Атап айтқанда, келесі жылы Жезқазғанда балаларға арналған спорт академиясы мен 200 балаға арналған интернат салу мәселесі де қарастырылған.

Сонымен қатар компания жаңа стандарттарға сәйкес тұрғын үйлер құрылысын қолға алуды жоспарлап отырғанын мәлім етті.

Президент спорт нысанын салғанда әр түрлі спортты қамтитын көпфункциялды етіп салу қажет екенін айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысының жаңадан құрылған Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келгенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1974364-toqaev-ulytau-oblysynyn-damu-perspektivalarymen-tanysty/

pixel