Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Азаматтарымыз зардап шекпеуі керек": Смайылов дизель отыны тапшылығын шешуді тездетуді тапсырды

Опубликовано:

Жанармай бекеті
Көрнекі фото: Julian Stratenschulte/picture alliance via Getty Images

Бүгін, 16 тамызда үкіметтің кеңейтілген отырысында Әлихан Смайылов еліміздің кейбір өңірлерінде орын алған дизель отынының тапшылығына қатысты мәселе бойынша Энергетика министріне нақты тапсырма берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Премьер-министр Энергетика министрінен егіс науқаны басталар уақытта жанар-жағармай тапшылығына қатысты мәселенің неден туындағанын сұрады.

"Кейбір өңірлерде дизель отыны бойынша проблема туындап отыр. Ол азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Болат Оралұлы, егіс науқаны басталар алдында мұндай проблема қалай орын алып отыр?", - деп сұрады Әлихан Смайылов.

Болат Ақшолақов бұған жауап ретінде транзиттік көлік және шекара периметрі бойынша дизель отынына сараланған баға белгілеуді көздейтін бұйрық жобасын әзірлегенін жеткізді.

"Бұйрық жобасына сәйкес бағалар тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне, және көлік түріне байланысты сараланатын болады.

Бұйрық жобасына сәйкес:

  • ел азаматтары үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда дизельдік отынның күнделікті лимиті қазіргі бағамен 100 литрді құрайды. Қазіргі таңда отынның 1 литрі 230-260 теңге.
  • егер жүргізуші куәлігі және көлік құралының Қазақстанда тіркелгенін растайтын тіркеу куәлігі мен құжаттары бар болса, тәуліктік лимит 300 литр болады.
  • Қалған топтарға, сондай-ақ көрсетілген көлемдерден артық дизель отыны үшін 1 литрі 450 теңгеден сатылады", - дейді Болат Ақшолақов.

Министрдің сөзінше, бұйрық жобасы 18 тамызға дейін Ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтына онлайн талқылау үшін орналастырылған.

Бұл ретте Әлихан Смайылов сала басшысына дизель тапшылығы мәселесін шешу бойынша шараларды жедел қабылдау қажеттігін ескертті.

"Энергетика министрі отандық нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін барлық шараларды уақтылы қабылдау қажет. Жанар-жанармай құю станцияларының иелерімен тиісті жұмыстар жүргізуі қажет. Азаматтарымыз бен ауылшаруашылығы саласы зардап шекпеуі қажет.

Сіз айтқан ережені, яғни отандық тұтынушылар мен транзиттік көліктерге берілетін жанармай бағаларын саралау бойынша талапты тез арада қабылдау керек, осы айдың 20 тамызынан енгізу керек", - деп тапсырды үкімет басшысы министрге.

Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық көлік жүргізушілері дизель отынының тапшылығына шағымданған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1983337-azamattarymyz-zardap-sekpeui-kerek-smaiylov-dizel-otyny-tapsylygyn-sesudi-tezdetudi-tapsyrdy/

pixel