Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Министрліктің жұмысы жеткіліксіз": Смайылов қант тапшылығы жағдайы бойынша шенеуніктерге ескерту жасады

Опубликовано:

Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов. Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ведомствоның бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және бекіту бойынша жаңа тәсілдер әзірлегенін хабарлады.

Министрдің айтуынша, қолда бар айналым қаражаты шеңберінде қантпен қамтамасыз етудің жаңа тетігін қаржыландыру жоспарлануда. Ол нарықты толықтырып қана қоймай, сонымен қатар жалпы қант саласын дамытуға мүмкіндік береді. Қант зауыттары 136 мың тонна қант шикізатының үш айлық көлемін сатып алып, жыл бойы тұрақты қайта өңдеуді қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде зауыттар 1 жылға 460 теңге/кг көлемінде сату бағасын белгілеу, зауыттарды міндетті жаңғырту, сақтау қуаттарын ұлғайту және қант саласын дамыту жөніндегі жоспарды орындау бойынша нақты қарсы міндеттемелерді қабылдайды.

Ал картоп пен сәбіз бағасын бекіту үшін Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарының ірі өндірушілерімен 4 млрд теңгеге дейін "айналым қаражатын" ұсыну бойынша келісімдерге қол жеткізілген. Ведомство мәліметінше, бұл нарықты белгіленген баға бойынша көкөніс өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ үкіметте сүт өнімдері, қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, жұмыртқа, әлеуметтік нан, ұн, тұз, сиыр еті мен тауық етіне қатысты жаңа шаралар қабылданатынын атап өткен.

Премьер-министр Сауда министрлігі ұсынып отырған жаңа тәсілдер қолдау табатынын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бірқатар кемшіліктерге жол берген. Сондықтан азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру міндетін орындай алмады.

Ол "айналым схемасын" қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы бірнеше рет тапсырма берілгенін айтты. Алайда 10 өңір әлі күнге дейін тапсырманы орындамаған. 

"Елімізде өнім көлемі бар. Өндірушілер келісімшарт жасауға дайын. Бірақ 26,3 млрд теңге игерілмей, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарында жатыр. Әкімдіктер қыркүйек айының соңына дейін "айналым схемасын" тиісті көрсеткішке жеткізіп, қаржыландыруды қамтамасыз етсін", — деді премьер-министр.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов сауда үстемесін бақылаудың формалды болуына және делдалдық тізбектерді тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялардың тиімсіз жұмысына назар аударды.

Сауда министрлігі бағаны тежеу жұмыстарының нәтижесіне байланысты әкімдіктердің рейтингін жасаған. Бұл рейтингке сәйкес, көш соңында екі өңір – Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары қалған.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл өңірлерде не бөлшек сауда, не көтерме сауда нарығы бақыланбайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Аталған фактілер барлық өңірлерге тән. 

"Министрліктің жұмысы жеткіліксіз. Квота бөлу ішкі нарықты тұрақтандыра алмады, өйткені тиісті деңгейдегі ұйымдастыру мен талдау болған жоқ. Бұған қоса, ведомство басшылығының шешім қабылдаудағы жайбасарлығы да әсер етті. Елде дүрлігу орын алды", — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, АШМ тарапынан әкімдіктер мен ұйымдардың тиісті өнімдерді жеткізуге уақытылы келісімшарттар жасау жұмысы дұрыс үйлестірілмей отыр. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларын уақытылы толықтыру жұмыстарын бақылау да әлсіз.

"Жұмысқа атүсті қарау немесе орындамау жалғаса беретін болса, өңірлер мен министрліктер бойынша кадрлық шешімдер қабылдаймыз", — деді Әлихан Смайылов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1986530-ministrliktin-zumysy-zetkiliksiz-smaiylov-qant-tapsylygy-zagdaiy-boiynsa-seneunikterge-eskertu-zasady/

pixel