Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев "Қазақстанға азаттық кездейсоқ бұйырды" дейтіндерге жауап берді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: T.me/bort_01

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды тапсыру рәсімінде "Қазақстанға азаттық кездейсоқ бұйырды" деген сынды мәлімдемелерге пікір білдірді, деп хабарлайды БОРТ N1.

"Қазақта "Егемен болмай, ел болмас" деген терең мағыналы сөз бар. Кейде "Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады" деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі", – деді президент.

Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің бізге оңай келмегенін еске салды.

"Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді", деп атап өтті мемлекет басшысы.

Егемендік декларациясы халықтың ұзақ жылғы берілмей күресуінің жемісі деді президент.

"Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын.

Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады", – деп түйіндеді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1993924-toqaev-qazaqstanga-azattyq-kezdeisoq-buiyrdy-degen-syndy-malimdemelerge-pikir-bildirdi/