Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Атырау мұнай мен газға ғана үміт артпай, туризм секілді салаларды дамытуы қажет

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Борт N1 Telegram арнасы

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесті. Президент Атырау мұнай мен газға ғана үміт артпай, туризм секілді болашағы зор салаларды дамытуы қажеттігін айтты, деп хабарлайды Борт N1 Telegram арнасы.

"Жалпы, Атырау мұнай мен газға ғана үміт артпай, туризм секілді болашағы зор салаларды дамытуы қажет. Ең бастысы, бастамаларды батыл қолға алу керек. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін Үкімет пен әкімдік жолдарды жөндеп, туристік нысандардың инженерлік коммуникациясын ретке келтіруге тиіс.

Атырау облысын дамыту туралы менің пайымдарым – осындай. Бірқатар нақты тапсырма берілді. Оның бәрін мұқият ойластырып, уақытылы және сапалы орындау қажет. Жұмыс барысы менің тікелей бақылауымда болады. Себебі бұл – облыс халқына өте қажет жұмыс. Оны соңына дейін атқарып шығуымыз керек", - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Тоқаев кездесу барысында Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін ешкім білмейтінін және Индердегі тұзды көлде емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік мол екенін де мәлім етті.

"Мәдени туризм саласын цифрландыруға баса мән берген жөн. Біз туристік нысандарымызды әлемдік стандартқа жақындата беруіміз керек. Бұл жақта экологиялық және танымдық туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар.

Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін өкінішке қарай, көбі біле бермейді. Бұл жер – лотостың ең қиыр солтүстіктегі мекені. Өзіміздің қызғалдақ сияқты лотос алқабын да танымал ету үшін нақты шаралар қабылдаған жөн. Осындай таңғажайып дүниелер туралы фильмдер түсіру қажет. Оларды шетелде белсенді түрде дәріптеуіміз керек.

Индердегі тұзды көлде емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік мол. Ол үшін тиісті мемлекеттік органдар көлдің мәртебесін айқындауға тиіс", - деді кездесу барысында президент.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысы жұртшылығымен кездесті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1996195-toqaev-atyrau-munai-men-gazga-gana-umit-artpai-turizm-sekildi-salalardy-damytuy-qazet/

pixel