Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Біз бұл нормаларды қолдаймыз": Смайылов Қазақстан азаматтығын алуды қатаңдататын заң талаптарын түсіндірді

Опубликовано:

Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов. Фото: Үкіметтің Telegram-арнасы

Премьер-министр Әлихан Смайылов сенат кулуарында Қазақстан азаматтығын алу тәртібін қатаңдататын нормаларды түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлихан Смайылов аталған нормалар үкіметпен келісу сатысында екенін айтты.

"Біз бұл нормаларды қолдаймыз және оларды заңнамаға енгізу керек деп есептейміз. Көптеген елде азаматтық алу үшін сол елдің мемлекеттік тілі мен тарихын білу керек, сондай-ақ тиісті емтихан тапсыру керек. Мысалы, Германия, Түркия, Канада, Ресей федерациясында осындай талаптар бар. Бұл талаптар азаматтық алған адамдардың қоғамға тез бейімделуіне себеп болады. Сондықтан мұндай емтиханды тапсыру керек деп санаймыз", - дейді премьер-министр.

Үкімет басшысының сөзінше, Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер осы талаптарға сай болуы керек.

Бұл ретте Смайылов нормалар қабылданған жағдайда жекелеген санаттарға, оның ішінде этникалық қазақтар мен кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес жеңілдетілген түрде азаматтық алатын адамдарға қолданылмайтынын атап өтті. Соңғысы Қазақстан азаматтығын алғысы келетін адамның осында тұратын жақын туыстары немесе жұбайы қазақ немесе қазақстандық, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болған жағдайларда қолданылады.

"Олар азаматтықты жеңілдетілген түрде алады. Қылмыс жасағандар азаматтық алуға өтініш бере алмайды. Заң жобасы жақын арада парламентке жолданады", - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Еске сала кетейік, парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңға Қазақстан төлқұжатын алу талаптарын қатаңдататын түзетулер әзірлеген болатын.

"Түзетулерге сәйкес, мемлекеттік тіл, тарих және ұлттық заңнама негіздерін білмеу азаматтық алудан немесе оны қалпына келтіруден бас тартудың қосымша негіз ретінде қарастырылады", - деп атап өткен еді бұған дейін үкімет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1996593-biz-bul-normalardy-qoldaimyz-smaiylov-qazaqstan-azamattygyn-aludy-qatandatatyn-zan-talaptaryn-tusindirdi/

pixel