Сенімді ақтамайтын құрылыс компанияларына тап болмаудың қандай жолдары бар

Опубликовано:

жұмысшылар
Фото: pexels.com

Биылғы жылдың басынан бері, 10 ай ішінде Қазақстанда жарты миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы. Тұрғын үйлердің басым бөлігі Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысында салынды. Қазақстандықтар баспанасын көбінесе үлестік қатысу жолымен алуда.

Мұндай тәсіл дайын тұрғын үйге қарағанда өзінің қолжетімді бағасымен тартымды. Сенімді ақтамайтын құрылыс компаниялары тарапынан кездесетін алаяқтық тәуекелдердің алдын алу үшін, үлестік құрылыс саласы бойынша болашақ баспана иелеріне қойылатын негізгі талаптарды білген аса маңызды.

Тұрғын үйді сатып алушылар құрылыс компанияларын таңдауда, сондай-ақ, олармен құжаттарға қол қою кезінде қателесуі мүмкін. Мұндай жағдайлар Қазақстан азаматтарының осы салаға қатысты заңнаманы, атап айтқанда, 2016 жылғы Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңын жетік білмеуі салдарынан туындайды.

Сенімді ақтамайтын құрылыс салушылар болашақ үлескерлерге тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы типтік шарттың орнына мүлде басқа құжаттарды, мәселен, брондау, алдын ала сатып алу-сату, инвестициялау сияқты келісімшарттарға қол қоюға ұсыныс береді. Әдетте, құжаттарға қол қойылысымен, олар дереу төлем жасауды талап етеді.

Алайда, тек тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ғана жазбаша түрде жасау қажеттігін ескерген жөн. Орналасу мекені бойынша тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) жергілікті атқарушы органда тіркеген сәттен бастап және жоғарыда көрсетілген Заңның 12-бабында белгіленген тәртіпке сай, аталған шарттың ресми түрде жасалғаны расталады.

Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу заң бойынша үш тетік арқылы жүзеге асырылады:

  • Қазақстан тұрғын үй компаниясынан (ҚТК) кепілдік алу;
  • Екінші деңгейлі банк жобасына қатысу;
  • Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) қаңқасын салған соң үлескерлерден қаражат тарту.

Тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысы үшін жеке және заңды тұлғалардан қаражатты өзге тәсілдермен алуға тыйым салынады.

Бұл тұрғыда, құрылыс компаниясы бір уақытта бір құрылыс жобасынан аспайтын қызметті жүзеге асыратын уәкілетті компанияны құруы тиіс.

ҚТК кепілдікті бермес бұрын, құрылыс салушы мен уәкілетті компанияның заңнамаға сай талаптарға сәйкестігін, оның ішінде, уәкілетті орган бекіткен тәртіп бойынша тұрғын үй (тұрғын ғимарат) құрылысы жобасына қатысты құжаттарды тексереді.

Мәселен, құрылыс салушының аяқталған тұрғын үй құрылысы жобаларында, сондай-ақ, соңғы 2 қаржы жылындағы залалсыз қызметте және т.б. бағытта тәжірибесі болуы қажет.

ҚТК кепілдігін ұсыну туралы жасалған шарт үлескерлер қаражатын тартуға негіз болып саналады және құрылыс салушы мен уәкілетті компанияның үлескерлерден ақша тарту үшін жергілікті атқарушы органнан рұқсат алуын талап етпейді.

Сондықтан, құрылыс компаниясымен қандай да бір құжатқа қол қоймас бұрын, одан ҚТК немесе жергілікті атқарушы орган кепілдігінің түпнұсқасын сұрау маңызды.

Үлестік қатысу шартының типтік үлгісі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген. Жасалған шарт «Қазреестр» тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жергілікті әкімдікте тіркелуі тиіс. Келісімшартты тіркеген кезде төлем жасау үшін негіз болып табылатын тиісті үзінді көшірме беріледі.

Қазақстанның құрылыс салушыларына ұсынылатын кепілдіктер туралы толық ақпаратты, сондай-ақ, салынып жатқан нысандарға кепілдік беру туралы шарттар тізілімін, тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысы мен сертификаттарды ҚТК веб-сайтындағы «Жеке тұлғалар» (бұдан әрі – «Үлескерлер») бөлімінде табуға болады.

Айта кететін жайт, кепілдік алу мақсатында өтінімдерді қараудың айқындылығын қамтамасыз ету және құрылыс компанияларына ыңғайлылығын арттыру үшін, биылдан бастап ҚТК-ң тиісті онлайн қызметі іске қосылды. Құрылыс компаниялары өтінімдерді «Digital Baiterek» кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай порталы арқылы бере алады.

Бүгінгі таңда, Қазақстан тұрғын үй компаниясы үлестік тұрғын үй құрылысы саласында 836,5 млрд теңгеге тең жалпы ауданы 4 631 мың шаршы метрді құрайтын 171 жобаны кепілдендірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1998546-senimdi-aqtamaityn-qurylys-kompaniyalaryna-tap-bolmaudyn-qandai-zoldary-bar/