Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рысты Тасмағамбетова: Ел игілігі жолындағы еңбек ешқашан ұмытылмақ емес

Опубликовано:

Рысты Тасмағамбетова
Рысты Тасмағамбетова. Фото: АҚ "Ембімұнайгаз"

Биыл отандық мұнай өндіруші компания - "Ембімұнайгаз" АҚ үшін тарихи жыл болды. Компания өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінгі сұхбатымызда мерекелік шаралардың қорытындысына шолу жасауға тырыстық.

- Айналамызға зер сала қарасақ, елімізде 100 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеген кәсіпорын өте сирек. Қазақ мұнайының бастауында тұрған – "Ембімұнайгаз" АҚ ғасырлық тойын атап өтіп отырған сол аз ғана кәсіпорынның қатарынан. Сонымен, қазақ мұнайының қарашаңырағы - "Ембімұнайгаз" АҚ өзінің ғасырлық мерейтойын қалай атап өтті?

- Біз мерейтойымызға мұқият дайындықпен келдік. "Не істейміз, жұртқа не ұсына аламыз?" деген сауалдар төңірегінде кең ақылдастық. Айта кету керек, бас компания тарапынан үлкен қолдау көрдік. Ұйымдастыру жұмыстарына Астана, Алматы сынды ірі қалаларда еңбек етіп жатқан мамандар мен еліміздің мұнай-газ саласында, соның ішінде Ембі өндірісінің қалыптасуында, дамуында зор қолтаңбасы бар майталман мұнайшылар да тартылды. Мен бүгінгі сұхбатты пайдалана отырып, нәтижесін тапқан шараларды зор мақтаныш сезіммен айтамын. Себебі, біз отандық мұнай өндіруші компанияның ғасырлық тойын жоғары, республикалық деңгейде атап өтуге қол жеткіздік.

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады. Біз компанияның ғасырлық тойында ұлттық мәдениетіміздің жарқын беттерін көрсетуді мақсат еттік.

Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында композитор, жазушы, өнертанушы, суретші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың "Аққулар қонған айдын көл" атты шығармашылық кеші өтті. Илья Жақановтың өмір жолы мен шығармашылығынан дайындалған театрландырылған қойылым ембілік мұнайшыларға, әсіресе, өндірістен келген қарапайым еңбек адамдары үшін керемет өнер кеші болды. Жұмысшылар бір серпіліп қалды десем, артық айтқандық болмас.

Ембілік мұнайшыларға тарту етілген тағы бір өнер кеші - компанияның арнайы шақыртуымен М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ұжымы Атырауға гастрольдік сапармен келді.

Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрында үш күнге созылған өнер кешінде ұлттық драма театрының ұжымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Кәкішеваның "Таңсұлу" драмасын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері А.Рахимовтың "Бес бойдаққа бір той" комедиясын және Ж.Жұманбайдың "Қара" драма-диалогын сахналады. Театр қойылымдарына сусап қалған атыраулықтар, соның ішінде уақытының дені дала төсінде өтетін мұнайшылар үшін бұл бір ерекше кездесу болды. Үш күн бойы мұнайшыларға рухани ләззат сыйлаған театр ұжымына алғысымыз шексіз. Біз расында да өнерден, театр қойылымдарынан сусап қалыппыз.

Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастап келген театр ұжымы Атырау өңіріне арналған гастрольдік сапар аясында көрермендер назарына Абайдың қара сөздерінен сахналық өнер – композициясын ұсынды. Зал толы көрермен-мұнайшылардан қайта-қайта қол соғып, назар сала тыңдап, құштарлана көріп отырғандарына куә болып қатты қуандық.

Концерт
Фото: АҚ "Ембімұнайгаз"

- "Қазақ ұлтының алғашқы жұмысшы табы" деп біз ембілік мұнайшылардың қалыптасуына қатысты айтамыз. Мерекелік шарада мұнайшылар әулетіне көрсетілген құрмет туралы айта кетсеңіз?

- Махамбет атындағы академиялық драма театрында ұйымдастырылған "Мұнайлы өңірдің мәуелі бәйтерегі" атты салтанатты шара мерейгер компанияның дәстүрлі бастамаларының жалғасы болды. Жиын барысында тағдырын туған жердің ырыс-несібесін еселеумен байланыстырған, адал кәсіпті атадан-балаға мирас еткен, ғұмыр шежіресі ғасырдан астам уақытқа созылған мұнайшылар династиялары, кешегі күндердегі табысты еңбек иелерінің жасампаз еңбек жолдары бүгінгі жастарға үлгі етілді.

Концерт
Фото: АҚ "Ембімұнайгаз"

- "Ембімұнайгаз" АҚ әлеуметтік жауапкершілікті жақсы түсінетін компаниялардың қатарынан. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға әркез қолұшын созуды, қамқорлыққа алуды дәстүрге айналдырған.

- Ғасырлық тойымыздың аясында мұнайшылар дәстүрге айналған қайырымдылық пен демеушілік шараларды жалғастырдық. Ембіліктер дәстүрге айналдырған «Мектепке жол» акциясының географиялық көкжиегін кеңейтіп, Атырау облысынан тыс өңірлердегі әлеуметтік көмектерге мұқтаж отбасыларына да қол ұшын созып отыр.

Шығыс Қазақстан облысындағы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс жеріндегі, Мақтаралдағы апатты жағдайлардан зардап шеккендерге дер кезінде көмегімізді жолдадық. Сол өңірдегі мектеп жасындағы балаларды жаңа оқу жылына дайындап, баспанасыз қалғандарға тұрғын үй сатып алып бердік. Дәрі-дәрмекпен, киім-кешекпен, азық-түлікпен де тұрғындарды қамтамасыз еттік. Мұндай көмекті атыраулықтар да көруде.

Мұнайлы өңірдегі әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 250-ге тарта балаға мектепке қажетті құралдардан көмек көрсету қолға алынды. 100 жылдықтың аясында өткен биылғы «Мектепке жол» акциясын ембіліктер жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып, Атырау қаласы, Мақат, Жылыой, Қызылқоға, Исатай, Индер, Махамбет және Құрманғазы аудандарынан мектеп оқушыларына көмектер көрсетілді.

- Ғасырлық тойға - "Мұнайшылар даңқы" аллеясының салынуы – ембілік ардагерлердің көптен бері көтеріп жүрген мәселесі. "Мұнайлы астана" деген мәртебесі бар Атырау облысында ел экономикасының күретамыры саналатын-мұнай-газ саласының негізін қалаушыларға – майталман мұнайшыларға арналған аллеяның іске қосылуы – мұнайшылардың көптен күткен жаңалығы.

- "Мұнайшылар даңқы" аллеясы – Ембі өндірісінің алғаш қалыптасып, даму кезеңдеріне арналған тарихи ескерткіш. Иә, ардагер мұнайшыларымыз Атырау қаласының орталық көшелерінің бірінен "Мұнайшылар даңқы" аллеясын салу - қара алтын өндірушілерге көрсетілген құрмет деген жәйтті көптен бері айтып жүрген. Ембілік ардагерлермен ақылдаса келе, Атырау қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы мәдениет үйі мен қаламыздың орталық көпіріне дейінгі аралықта аллея бой көтерді. Дәл осы жер аумағының таңдалып алынуында үлкен мән бар. Сонау 30 жылдарда "Эмбанефть" тресінің алғашқы бас кеңсесі осы жерде салынып, бүгінде елге танымал, өмір жолдары көпке үлгі майталман мұнайшылар еңбек жолдарын бастаған жер.

Аллеяның орталық бөлігіндегі "Мұнай тамшысы" монументтің айналасында құрғақ су бұрқақтары да аллеяның сәнін аша түскен. Аллеяның орталығында орналасатын 47 флагштоктың өзінің тарихы да бар. Бұл Ембі өндірісіндегі 47 кен алаңының тарихын меңзеп тұр.

АҚ "Ембімұнайгаз"
Фото: АҚ "Ембімұнайгаз"

- "Ерекше балаларға - ерекше қамқорлық" деген ұранмен ауқымды қайырымдылық шарасының жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанынан хабардармыз. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.

- "Ембімұнайгаз" АҚ-ның қаржылай қолдауымен "Жүректен – жүрекке" қоры Атырау қаласында "Жүрек жылуы" жобасы ұйымдастырылды. Аталмыш жобаның мақсаты – ауыр науқасқа шалдыққан балаларға медициналық көмек көрсету. Арнайы шақыртумен Атырауға Өзбекстан Республикасынан бір топ дәрігер келді. Олардың қатарында балалар генекологы, уролог, эндокринолог және эпилептолог мамандары бар. Апта бойы Ташкент қаласындағы емдеу мекемелерінің жетекші мамандары мүмкіндігі шектеулі кішкентай науқастарды тексеріп, емдеді. Төрт күн бойы 600-ге жуық ерекше бала арнайы келген дәрігер мамандардың қабылдауында болды.

Біз Өзбекстаннан ерекше балаларға қажет мамандарды арнайы шақырдық. Себебі, кез келген ата-ананың балаларын басқа қалаларға апарып, кеңес алу және емдеуге мүмкіндігі бола бермейді. «Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен ұйымдастырылған "Жүрек жылуы" жобасы өте өзекті, уақытылы және мүмкіндігі шектеулі балаларға шетелдік жетекші дәрігерлерден кешенді диагностикадан өтуге жақсы мүмкіндік берді.

Сонымен қатар аталмыш жоба аясында Польша, Италия, Қытай, Швеция, Германия елдерінен ерекше күтімді қажет ететін балаларға 35 арба (коляска) сатып алынды. Қайырымдылық жоба аясында, арбалардың барлығы әр баланың диагнозына, бой-салмағына арнайылап алынған. Арбалардың басым бөлігі аудандарда мекен ететін ерекше балаларға тарту етілді.

Сонымен қатар, бірнеше балаға ортопедиялық аяқ киімдер табысталды. Осы сауалыңызға жауабымды түйіндейтін болсам, ерекше балаларға Атырауда тапшы, нағыз керек мамандарға қаралуға мүмкіндік бердік деп есептейміз. Мәселен, эпилептолог дәрігеріне қаралу үшін Алматы, Астанаға жету үшін әр балаға 200 мыңның үстінде қаражат керек (кеңес алу, жол қаражаты, тұрғылықты мекен жалға алу, ем қабылдау және т.б.). Осы мамандардың мұнайлы астанаға келуі ерекше балаларға керемет сый болды.

Көмек
Фото: АҚ "Ембімұнайгаз"

- Әр мерейтойдан, мерекелік шарадан қалатын құнды естелік – кітап деп есептейміз. Бұл орайда, қарапайым еңбек адамына жасалған үлкен құрмет - ғасырға тарта уақытта Ембі өндірісінің қалыптасып, дамуында зор үлестері бар мұнайшыларға көрсетілген мадақ деп бағалауға болар.

-Иә, қарапайым еңбек адамына лайықты құрмет көрсету- әр кез назарда болу керек. "Ғасыр – Ғұмыр" атты компанияның ғасырлық тойына арнап жылнама шығардық. Кітаптың әр жолы, әр парағы 100 жыл бойына шыдамдылық пен табандылық таныта отырып, мұнай өндірудегі үлкен және кіші жеңістерге қол жеткізген ұлы және қарапайым еңбеккерлерге деген біздің естелігіміз бен терең құрметіміз. Жылнаманың бастамашылары Ембі өндірісінің қалыптасып, дамуында қолтаңбалары бар, мұнайшылар- кен алаңдарын алғашқы ашушылар, Еңбек Ерлері мен мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, алғашқы басшылар, жоғары марапат иелерінің, өндіріс озаттарының есімдерін еске сақтауды мақсат етіп, олар туралы қысқаша деректерді енгіздік.

Ғасырлық тойымыздың тағы бір жаңалығы - "Ембімұнайгаз" АҚ-ның 100 жылдық мерейтойына арналған "Әр сурет-жеке тарих" атты жобасын іске қостық. Қазақ мұнайының қарашаңырағы – Ембі өңіріндегі кешегі мен бүгінгі күндерді жалғап жатқан табысты еңбектің батырлары: Социалистік Еңбек Ерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, кен орындарының алғашқы ашушылары, сонымен қатар, бүгіндері табысты еңбектерімен ерекшеленген жас мамандар туралы қысқаша деректер бейнеленген 100-ден астам баннер Атырау қаласының көшелерінде орнатылды. Жобаны жүзеге асыру арқылы компания ембілік мұнайшылардың ғасырға толы жүріп өткен тағылымы мол жолдарын қарапайым еңбек адамының бейнесі арқылы көрсетуді мақсат еттік.

Осы мерекенің аясында 3 бірдей жаңа интеллектуалдық жобалардың тұсауы кесілді. Олар: "Ембі – ел ырысы" көркем-деректі фильм, "Оқу-анимациялық бағдарлама" және "Тарихи портал" жобалары. Бұл жобалар – компания тарихындағы басты жаңалықтар. Бұрын компанияның тыныс-тіршілігі туралы фильмдер дайындалған, олар деректі фильмдер болатын. Ал, мына формат алғаш рет қолға алынып отыр. Көркем фильм түсіру біраз уақытты алады, жылдар бойы жүзеге асады. Біз аз уақыттың ішінде компанияның 100 жылдық тарихын қамтыған көркем-деректі фильм дайындап, көрермен назарына ұсындық. Компанияның ғасырлық тарихы актерлардың шынайы ойыны арқылы көрініс тапты. Оған республикалық және өзіміздің жергілікті актерлар да тартылды. Фильм 10 сериядан тұрады, әр серияның уақыты 5 минут.

Фильмді көре отырып "неліктен қысқаметражды?" деген сауал туындауы мүмкін. Бүгінгі заман талабы – әлеуметтік желілерге жүктеу үшін фильм қысқаметражды форматта дайындалды. Әлеуметтік желілерде көп отыратын жастарға негізгі акцент жасалды. Жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін әлеуметтік желінің талабына сай дайындалған қысқаметражды фильм. Арнайы құрылған комиссия тарихтың бұрмаланбауына жіті қарады. Әр серияны мұқият қадағалады. Аталмыш фильм алдымен ұжым алдында таныстырылды. Кейін Атыраудағы болашақ мұнайшылар дайындалып жатқан С.Өтебаев атындағы политехникалық университет ұжымы мен Назарбаев атындағы зияткерлік мектеп оқушыларының ортасында презентация жасалды. Республикалық "Хабар" телеарнасы арқылы қалың көрерменнің назарына ұсынылды.

Екінші жобамыз мектеп оқушыларына арналған оқу-анимациялық бағдарламасы. Жобаны дайындау барысында Ембі өндірісі туралы мол деректер жинақталды. Мектеп оқушыларына түсінікті, әрі тез және қызықты қабылдану үшін компьютерлік анимация әдісін пайдаландық. Анимация әдісі де мектеп оқушыларының талғамына сай, қызығушылығына дәл келетін формат деп есептейміз.

Ал, компанияның 100 жылдық тарихына арналған порталды дайындау кезінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы қалаларындағы мұрағат деректерін ақтарып, ізденіс жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде бірқатар тың тарихи материалдар мен бейнероликтерге қол жеткіздік. Сол құнды деректердің осы порталдан көрініс тапқаны – тарих үшін үлкен қазына.

- Мерекелік бағдарлама барлық салаға арналды, жан-жақты болды. Өнер де, мәдениет те, қайырымдылық шаралары да, спорт саласы да назарда болды.

- "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы АҚ-ның 20 жылдығы мен "Ембімұнайгаз" АҚ-ның 100 жылдығына орай бас компанияға қарасты еншілес мекемелер арасында мұнайшылардың спартакиадасы ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 20-ға жуық мекемеден 400-ден астам мұнайшылар спорттың 9 түрінен сынға түсті. Жарыстар Атырау қаласындағы 6 спорт нысанында өтті.

Төрт күнге созылған жарыстан кейін әуесқой спортшылар үшін бұл жарыс емес, спорт фестивалі болды десек, артық айтқандық емес.

Бұқаралық спорт туралы тілге тиек еткенде айта кету керек, Атырау облысының үш ауданында төрт бірдей көпфункционалды спорт алаңдары іске қосылды. Компанияға қарасты мұнай-газ өндіру басқармалары орналасқан Қызылқоға мен Мақат, Исатай аудандарында отандық компанияның демеушілігімен ел игілігіне тарту етілген спорт алаңдары жұртшылық арасында салауатты өмір салтын дамыту түсуге жол ашатын мүмкіндік деп бағалаймыз.

- Атырау қаласының Исатай-Махамбет орталық алаңында Open air "Мұнайлы өлке шамдары" атты ауқымды концертінің ұйымдастырылуы – атыраулықтарды бір серпілтіп тастады. Әлемдік пандемиядан кейін осындай ауқымды шараға атыраулықтардың шөліркеп қалғанын байқадық.

- Иә, біздер осындай тамаша шараға шын мәнісінде шөліркеп қалыппыз. Аталған концертке 15 мыңға жуық көрермен қатысты. Керемет шара өтті. Жергілікті халықтың алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біздер осыншама халықтың бір мезетте бір орында бас қосқанын бұрын соңды көрмеппіз.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Ембімұнайгаз" АҚ компаниясының құрылғанына 100 жыл толуына орайластырылған салтанатты жиынға қатысуы бұл шараның мәнін асыра түсті.

Үкімет басшысы ҚР Президентінің атынан 25 ардагер мен сала қызметкерлеріне түрлі мемлекеттік наградалар табыс етуі де ембіліктердің жасампаз еңбектеріне көрсетілген үлкен құрмет.

Марапаттау
Фото: АҚ "Ембімұнайгаз"

Отандық мұнай өндіруші компанияның ғасырлық тойына қысқаша шолу жасау мақсатындағы сұхбатымыз жаңа жыл мерекесінің қарсаңында болып отыр. Сұхбатты пайдалана отырып, оқырмандарымызды мерекемен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болғай.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2003014-rysty-tasmagambetova-el-igiligi-zolyndagy-enbek-esqasan-umytylmaq-emes/

pixel